Орта дәліз кәсіподағын дамыту – ортақ міндет
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
11-12 тамыз күндері Астанада Орталық Азия көлік кәсіподақтары және Транскаспий халықаралық көлік дәлізі басшыларының қатысуымен ТХКБ кәсіподақтарын дамыту туралы Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының (ITF/ХКҚФ) стратегиялық жиыны өтті.
Екі күнге созылған басқосудың мақсаты – ХКҚФ өсімін күшейту, ТХКБ немесе Орта дәліз бойында Орталық Азияда кәсіподақ ынтымақтастығын және трансшекаралық үйлестіруді дамыту, лайықты еңбекті, қауіпсіз және тұрақты теміржол көлігін ынталандыру, сондай-ақ аймақтық көліктік және логистикалық жеткізу тізбегінде жұмысшылардың өкілдігін арттыру.
Алдымен сөз алған ХКҚФ-ның жерүсті көлігі жөніндегі директоры Шон Сэйер стратегиялық жиналысты өткізуге неліктен Қазақстан мемлекетін таңдағанын атап өтті.

– Біріншіден, Қазақстан – әлемдегі алғашқы интеграцияланған халықаралық теміржол жүйелерінің бірі және жаһандық ХКҚФ отбасының аса маңызды мүшесі. Екіншіден, бұл – көлік саласына әлемдегі ең ірі инвестициялар тартылып жатқан Орталық Азия өңірі. Бұл – барлық елдер үшін басым бағыттардың бірі. Ал бүгін осындай маңызды жиында Еуразияның түкпір-түкпірінен – Еуропадан, Азиядан және Азия-Тынық мұхиты өңірлерінен келген өкілдермен бірге бір үстел басында отырғанымыз зор құрмет дер едім. Бұл бүкіл әлемдегі көлік қызметкерлерінің ынтымағын көрсетеді, – деді мәртебелі мейман.
Өз кезегінде «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев қонақтарға ілтипат білдіре отырып, екі күнге созылатын жиынның қатысушылар үшін мән-мағынасы, маңызы зор екенін мәлімдеді.
– Бүгінгі кездесуге сіздердің қатысуларыңыз көлік саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік диалогты дамыту мәселелерінің аса маңызды екенін айқын көрсетеді. Дәл осындай халықаралық ынтымақтастықтың арқасында біз жаңа сын-қатерлерге бірлесе жауап бере аламыз. Бұл – көлік саласындағы өзгерістерге, қайта құрылымдауларға және көлік қызметкерлерінің мүдделеріне қатысты жаңа сын-қатерлер, – деді О.Ахметбаев.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ағымдағы жағдай, ұйымдастыру басымдықтары, салалық міндеттер, аймақтық ынтымақтастық пен шекаралық кәсіподақтардың жұмысын үйлестіруді нығайту перспективалары туралы ақпараттармен бөлісті.
Орталық Азияда ХҚКФ конгресінің шешімдерін жүзеге асыру тармағы бойынша күн тәртібіне жұмысшылардың құқықтары, теміржол қауіпсіздігі, жеткізу тізбегіндегі тұрақтылық пен жауапкершілік мәселелері шығарылып, сонымен қатар аймақтағы ХКҚФ Конгресінің басымдықтарын іске асыру мәселесі таныстырылып, талқыланды.
– Ең алдымен біз бір-бірімізді түсіне алуымыз керек. Әсіресе қазіргі күрделі халықаралық жағдай мен қақтығыстар аясында бірқатар мәселелерді шешу оңай емес. Қазір дүниежүзіндегі кәсіподақтар да, олардың жұмыс істеу жағдайлары да айтарлықтай өзгерді. Десе де, біз бір-біріміздің алдымызда ортақ жауапкершілік арқалаймыз. Қазақстанға белгілі бір деңгейде қызығушылықпен қараймын. Егер сіздердің экономикаларыңыз шамамен 6% өсіп жатса, Еуропадағы жағдай әлдеқайда күрделі. Экономикалық өзгерістер құжаттарға да, көлік саласы қызметкерлерінің жағдайына да тікелей әсер етеді. Біз үшін Қытаймен және Ресеймен байланысты өңірлік өзара іс-қимылды терең түсіну өте маңызды. Өйткені қазіргі көлік және логистикалық үдерістер дәл осы бағыттардан бастау алады. Ынтымақтастық технологиялар, стандарттар және көлік жүйелерінің болашағы туралы ортақ мүдделерге негізделуі тиіс. Халықаралық үрдістерге қарасақ, Қазақстан теміржол саласында барған сайын маңызды бағдарға айналып келеді. Ол Еуропаның неміс тілді теміржол елдері үшін де назар аударарлық тәжірибе ретінде қарастырыла бастады, – деп атап өтті ЕФТ теміржол көлігі секциясының төрағасы Герхард Таунхер.
Жаңа технологиялар жүк тасымалы саласында, әсіресе осы ТХКБ сияқты жаңа жеткізу тізбектерінде сыналмақ. Бірақ олардың пайдасы жұмысшыларға, жолаушыларға және экономикаға қызмет етуін қамтамасыз ету аса маңызды.
– Жеткізу тізбектері барған сайын интеграцияланып келеді. Бүгінгі таңда көлік саласындағы еңбекті мүмкіндігінше төмен құнмен ұйымдастыруға ұмтылыс күшейіп келеді. Ол қосалқы мердігерлік арқылы да, еңбек стандарттарын әлсірету арқылы да көрінуі мүмкін. Әлемнің өзгеруі мен соңғы онжылдықтардағы тәжірибе бізге ешкімнің жалғыз өзі табысқа жете алмайтынын көрсетті. Негізгі сұрақ, кәсіподақтарды қалай күшейтеміз? Кәсіподақ жетекшілері әлемдегі технологиялық өзгерістерден хабардар болуын қалай қамтамасыз етеміз? Жаңа технологиялар еңбек нарығына әсер еткенде жұмысшылардың мүддесін қалай қорғаймыз? Бүгін біз әлемнің түкпір-түкпірінен – Еуропадан, Азиядан және басқа да өңірлерден келген достарымыздың ынтымақтастық үнін естіп отырмыз. Біз алдағы жылдары сіздердің табыстарыңызға өз үлесімізді қоспақ ойдамыз. Сондықтан мен ерекше мән беріп отырған мәселелердің бірі – Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа елдердің өзара пікір алмасуына мүмкіндік беретін желі құру. Олар қандай қиындықтарға тап болып отырғанын және ITF пен ETF оларға қалай көмектесе алатынын ашық талқылай алуы керек, – деді Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының бас хатшысы Стивен Коттон.
ХКҚФ бас хатшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, сондай-ақ АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы геосаяси текетірес олардың арасындағы барлық елдерге әсер етіп отырғанын айтады.
– Транскаспий дәлізі сауданың үздіксіз жүруіне мүмкіндік береді. Ал ХҚКФ үшін экономикалардың өсуі маңызды, өйткені бұл біздің мүшелеріміздің жалақысының артуына ықпал етеді. Ал шекарааралық сауда осы тұрғыдан өте маңызды. Сондықтан бұл дәліз біз үшін айрықша маңызға ие. Біз бүкіл өңірдегі кәсіподақтармен берік ынтымақтастық орнатқымыз келеді: жиі кездесіп, бірлесіп жұмыс істеп, кәсіби дағдыларымызды дамытып, ортақ сын-қатерлерді тереңірек түсінуді көздейміз, – деп түйіндейді сөзін Стивен Коттон.
«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев Орта дәліз немесе ТХКБ-ның Қазақстан үшін маңызы зор екенін жеткізді. Ол – Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін тартымды бағдар. Сондықтан жыл сайын Қазақстан үкіметі де, Грузия үкіметі де және осы дәліз бойындағы барлық елдер оның инфрақұрылымын жақсартуға қомақты қаражат бөліп отыр.

– Жүк тасымалының көлемі артып жатыр. Әрине, бұл дәлізде біздің қызметкерлеріміз, кәсіподақ мүшелері жұмыс істейтіндіктен, біз де осы мәселелермен белсенді түрде айналыса бастадық. Жұмыс көлемі көбейсе, теміржолшыларға түсетін жүктеме де артады. Сондықтан біз бұл жерде ортақ тактика мен жұмыс тәсілдерін, сондай-ақ осы мәселелерге қатысты бірыңғай талаптарды қалыптастырғымыз келеді. Өйткені жаңа технологиялар енгізілуде, кадрларды қысқарту, кадрларды оқыту, қызмет көрсетуші компаниялардағы персонал санын арттыру сияқты мәселелер туындап отыр. Демек, кәсіподақтар бұл үдерістерге міндетті түрде тартылуы тиіс. Екінші маңызды мәселе – әлеуметтік құрамдас бөлік. Бұл – ең алдымен жалақы, еңбекті қорғау және еңбек жағдайлары. Біз айтқандай, жүктеме өссе, соған сәйкес осы еңбектің басқа да құрамдас бөліктері де жақсаруы қажет. Осыған орай екі күн ішінде біз аталған мәселелерді, дәліздің маңызын және өзара іс-қимылымыздың маңызын талқыладық, – деп ой бөлісті О.Ахметбаев.
Ал ХҚКФ (ITF) теміржол бағыты жөніндегі жетекшісі Дениз Акдоган болса, Астанада өткен кездесу Транскаспий дәлізі мен Орталық Азия елдерінің теміржол кәсіподақтарын біріктіріп, саламыздың болашағын, ең алдымен теміржолшылардың келешегін талқылауға берілген маңызды мүмкіндік екенін айтады.
– Бұл кездесудің маңызын қатысушылардың жоғары деңгейі мен кең өңірлік құрамы айрықша арттыра түсті. Еуропа, Орталық Азия және Азия-Тынық мұхиты өңірлерінен келген теміржол кәсіподақтарының жетекшілері мен өкілдері Транскаспий дәлізінің болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін бір алаңға жиналды. Бұл осындай ауқымды кәсіподақ өкілдерін Транскаспий дәлізінің келешегі төңірегінде алғаш рет тоғыстырған кездесу болды. Транскаспий дәлізі қарқынды дамып келеді: жаңа инвестициялар тартылуда, инфрақұрылым жаңғыртылуда, жүк тасымалының көлемі өсуде. Алайда тұрақты даму лайықты еңбек жағдайымен, қауіпсіздіктің жоғары стандарттарымен, кәсіподақ құқықтарының сақталуымен, сапалы кәсіби даярлықпен және тиімді әлеуметтік диалогпен қатар жүруі тиіс. Дәліздің болашағын қалыптастыруда жұмысшылардың үні естілуі қажет.Сондықтан дәліз бойындағы теміржол кәсіподақтарының ынтымақтастығын нығайту ерекше маңызды, – деді ол.
Халықаралық басқосу шеңберінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Инновациялық орталығында ҚТЖ-ның еншілес компаниялары тарапынан ТХКМ қызметі таныстырылып, ұлттық компанияның бұл жоба бойынша атқарып жатқан жұмыстары, жетістіктері алдағы күн еншісіндегі жоспарлары сөз болды.
Қорыта айтсақ, Орталық Азия көлік кәсіподақтары көшбасшыларының кездесуіне қатысушылар екі күндік жиналыс нәтижесінде 2026-2029 жылдарға арналған келесі жұмыс жоспарын әзірлеп, келісті. Ол бойынша, бірінші субөңірлік желі құрылмақ. Бұл желі ITF/ХҚКФ және ETF тарапынан Орталық Азиядағы кәсіподақтар мен үлестес ұйымдар мен кәсіподақтарға қолдауды күшейту үшін және ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу үшін қажет. Екіншісі, Орталық Азия өңіріндегі ТХКБ және басқа да халықаралық инфрақұрылымдық жобаларды зерттеу және салалық карталау. Үшіншісі, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) стандарттарын енгізу. Орталық Азияға салынатын инвестициялар әсер ететін теміржол және өзге де бейінді көлік секторларында қолдануға болатын ХЕҰ құралдарын (оның ішінде жұмыскерлердің әл-ауқаты мен әлеуметтік қорғалуы мәселелері) енгізу жөніндегі стратегиялық жоспар мен тұжырымдаманы әзірлеу келісілді.