Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің Сарышаған жол дистанциясы келесі жылы жеті бағыттамалы бұрманы жаңартуды жоспарлап отыр.
Осы мақсатта бірлескен комиссиялық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Сарышаған станциясында 1/9 маркалы жеті бағыттамалы бұрманы 1/11 маркаға ауыстырудың қорытынды ұсынысы әзірленіп, бөлімшеге жолданды.
Дистанция бастығы Думан Додабаевтың айтуынша, жаңғырту жобасы екі бағытты қамтиды. Біріншісінде, № 5, 7, 9, 11, 30, 32 және 42 бағыттамалы бұрмаларды 1/9 маркалы айқастырмадан неғұрлым жатық 1/11 маркаға ауыстыру көзделсе, келесі кезеңде № 32/42 және № 5/7 бағыттамалы бұрмалар арасындағы жалғамаларды бөлшектеу ұсынылады. Филиал тарапынан ұсыныс мақұлданса, бағыттамаларды жаңғырту 2027 жылғы күрделі жөндеу жұмыстары шеңберінде жүзеге асырылады.
– Сарышаған станциясының бастығы С. Абдрасиловтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында біз бұрмаларды жаңғырту ұсынысын енгіздік. Осыдан кейін станция мен дистанция, ШЧ-34, ЭЧ-23 белгі беру және байланыс, электрмен жабдықтау дистанцияларының мамандары мен қозғалыс ревизоры А. Мамырғали бастаған комиссия бағыттамалы бұрмаларға техникалық тексеру жүргізіп, тиісті қорытынды жасалды. Жалпы станцияда 77 бағыттама бар, оның 70-і – бағыттамалы бұрма. Жобаға енгізілген жеті бұрма үздіксіз пайдаланылады, олардың арасындағы пайдалы ұзындық шектеулі. 1/9 маркалы айқастырманың бұрылу бұрышы тік болғандықтан, жүк ағыны өскен сайын жылжымалы құрамның жолға түсіретін динамикалық әсері күшейеді. Соның салдарынан үшкірлі рамалық рельстерде, айқастырмаларда және жалғастырғыш рельс бөліктерінде сыни бүйірлік және тік тозу пайда болады. Сондықтан, бұрмалардың тозған элементтері жиі ауыстырылады. Бірақ, бізде 2021 жылы төселген № 9 бұрманың айқастырмасы 2025 жылы ғана қайта жаңартылды.
Ағымдағы жөндеу қозғалыс қауіпсіздігін сақтағанымен, тозудың себебін жоймайды. Тек компанияның материалдық-техникалық ресурстары артық жұмсалады және жол бригадирлері мен монтерлеріне қосымша жүктеме болады. Экспликация деректері комиссия қорытындысын растайды. Станциядағы бағыттамалы бұрмалардың орташа қызмет мерзімі шамамен 32 жыл, – дейді Думан Додабаев.
Ал жаңғырту жобасына ұсынылып отырған жеті бұрманың жағдайын мамандар былай түсіндіреді: біріншіден, бас жолдардағы жедел тозу байқалуда, № 9 бұрмадағы айқастырма төрт жыл ғана қызмет еткен, № 7 бұрмадағы 2025 жылы ауыстырылған. Ал Р-43 рельсіндегі № 42 бұрма – 52 жыл, № 5 бұрма 38 жыл пайдаланылып келген. Сондықтан, марканы 1/11-ге ауыстыру екі мәселені де бір мезгілде шешпек.
Мамандардың алға тартқан дәйектемелеріне сүйенсек, бұрмалардың 1/9 маркасын 1/11-ге ауыстыру жылжымалы құрамның жолға динамикалық әсерін және металл бөлшектердің тозу қарқынын төмендетеді. Ал бұрылу бұрышының жатықтығы жалғамалар бойынша пойыздардың рұқсат етілген жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дистанция элементтерді жылына 2–3 рет ауыстырып жатпай, бригадалардың күшін жоспарлы жұмыстарға бағыттай алады. Ал № 32/42 және № 5/7 жалғамаларын бөлшектеу жолды, СЦБ және электрмен жабдықтау құрылғыларын ағымдағы күтіпұстау шығындарын қысқартатын көрінеді.
Дистанция бастығының айтуынша, бұл маневрлік жұмыс және пойыздар қозғалысының технологиясын бұзбайды. Жаңғырту жұмыстары кезінде станцияның өткізу қабілеті толық сақталады, ал вагон ағындарын өңдеудің технологиялық процесі өзгермейді. Жаңғырту жұмыстары бағыттамаларға түсетін жүктеме жоғары жерде жүргізілмек.