Қазақстанда тағы 800 шақырым теміржол салынып жатыр
Қазақстанда көлік инфрақұрылымын жаңғырту және өңірлер арасындағы көлік байланысын күшейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау аясында автомобиль, теміржол, авиация және теңіз инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бүгінде елде тағы 800 шақырым теміржолдың құрылысы жүргізілуде. Соңғы бес жылда Қазақстанда 911 шақырым жаңа теміржол салынған. Сонымен қатар қолданыстағы шамамен 2,6 мың шақырым теміржол жаңғыртылып жатыр.
Көлік саласын цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Теміржолда пойыздардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін GPS-трекерлер негізіндегі «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» сервисі енгізілді.
Бұдан бөлек, теміржол нысандарында спутниктік интернет технологияларын дамыту қолға алынған. Атап айтқанда, OneWeb және Starlink жүйелерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша да цифрлық шешімдер кеңінен қолданылуда. Дәлізде Digital Trade Corridor платформасы енгізіліп, кедендік рәсімдерді жеделдетуге мүмкіндік беретін Tez Customs модулі іске қосылды.
Жаңа цифрлық жүйенің нәтижесінде кедендік рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған.
Жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді жеткізу мерзімі де айтарлықтай азайды. Бұған дейін жүк тасымалы орта есеппен 38 тәулікке созылса, қазір бұл көрсеткіш 13-17 тәулікке дейін қысқарған.
Үкіметтің мәліметінше, көлік инфрақұрылымын дамытудағы негізгі мақсаттардың бірі өңірлер арасындағы байланысты жақсарту, жол жүру уақытын қысқарту және халықаралық көлік дәліздері арқылы өтетін жүк ағынын жеделдету болып отыр.