Қазалы жол дистанциясының теміржолшылары пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында телім жолдарының технологиялық талаптарға сай болуын ерекше бақылауға алған. Биыл мердігерлік тәсілмен дистанция бойынша 50,434 км жол күрделі жөндеу өтіп, оған дистанция жолшылары да ұйымшылдықпен қатысты.

– Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау – теміржолшы ретінде біздің кәсіби міндетіміз. Осыны ескерген біздің дистанцияның жолшылары өз телімдеріндегі жол табанының технологиялық талапқа сай болуын қадағалап, жолдың бабын жасап отыр. Биыл дистанция бойынша 50,434 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, оларға отандық жаңа материалдар төселді. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ бекеті мен Байқожа стациялары аралығындағы тақ жолдың 17,988 шақырымдық аумағы, Төретам мен Диірментөбе станциялары арасындағы жұп жолдың 13,328 шақырымдық жол табаны, Анакөл бекеті мен Қызылтам станциялары аралығындағы тақ жолдың 19,118 шақырымы жаңаша келбетке ие болды, – дейді дистанция директоры Аманкелді Қосанов.  

Тек негізгі магистраль ғана емес, станция ішіндегі жолдар да назардан тыс қалмаған. Маусым айында Төретам станциясының №22 тұйық жолының 0,854 км аумағы мен Жосалы станциясының №19 жалғастырушы жолының 0,656 шақырымына күшейтілген орташа жөндеу жүргізіліп, маневрлік жұмыстардың қауіпсіздігі арттырылды. Сонымен қатар жол шаруашылығы мамандары Р-50 үлгісіндегі ескірген рельстерді заманауи Р-65 үлгісіндегі берік рельстерге алмастыру жұмыстарын жүзеге асырды. Төретам мен Жосалы станцияларының деполық, жүк тиеу-түсіру және жалғастырушы жолдарында жоспарланған жұмыстардың дені сәтті орындалды. Ал алдағы уақытта тиісті материалдардың келуімен Ақжар-Төретам станциялары аралығындағы 4,615 шақырымдық рельс тізбектерін ауыстыру және темірбетон білеулеріне жаңа бағыттамалық бұрмаларды орнату істері қарқынды жалғасатын болады. Бүгінгі күннің өзінде 2025 жылдан ауысқан 11 жиынтық толығымен орнатылып, биылғы жоспардағы 5 жиынтық жолға сәтті төселді. Қазалы, Көбек және Төретам станцияларындағы ескірген 5 бағыттамалық бұрма толығымен жаңартылған.  

Пойыздар қауіпсіздігін сақтауда дистанцияның барлық қызметкерлері мақтауға лайық. Десе де, жол жөндеушілердің арасынан Ғ.Сақтағанов, Ж.Ақмамбетов, Ж.Бекеев, Н.Махатов, Ж.Бекеев, М.Бөлекбаев, С.Ысқақов, С.Тәжіков, С.Оңалбаев, А.Атықаев, Ж.Тәженов, Т.Есқараев, А.Арықов, Б.Әбетов, А.Оңалбаев, Б.Тұрақов, С.Оспанов, А.Жұмағұлов, Н.Қабибуллаев, Е.Боданов, Т.Өтепов, транспорттық блок қызметкерлері Т.Нұрмағанбетов, Т.Оспанов, Т.Шазиндаев, Б.Бақбергенов, Қ.Жанәбілов, Т.Өмірзақов сынды мамандар – өз кәсібін жетік меңгеріп, жұмысқа адалдық танытқан жандар.  

Темір жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында малдың жолға шығуына қарсы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Биыл қолданыстағы қоршауларға күрделі жөндеу жүргізіліп, сонымен қатар 18 шақырым қоршау салу жоспарланып отыр.  

Дистанция қызметкерлеріне санитарлық-тұрмыстық жағдай жасау да назардан тыс қалған емес. Қамыстыбас, Қазалы және Қаракеткен станцияларында тұрғын модуль-вагон орналастырылса, Төретам және Қазалы станцияларында орналасқан әкімшілік ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.