Рельс дәнекерлеу – жаңа технологиямен

Инфрақұрылым
28.09.2019, 11:03
Сабырхан Сейілбекұлы

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші

Осы уақытқа дейін рельс дәнекерлеуші ПРСМ жол машинасын қолданып келген қызылордалық теміржолшылар енді жаңа технология көмегімен рельсті әп-сәтте дәнекерлеуге қол жеткізді. Рельстерді бір-біріне қайната балқытып, байланыстырып бекіткен жол мамандарының ерекше әдісіне Қазалы жол дистанциясының ҚорқытДиірментөбе телімінде өткізілген толаскез кезінде куә болдық.

Қазалы жол дистанциясының теміржолшылары Қорқыт пен Диірментөбе станцияларының арасындағы жұп жолда, таңертеңгі сағат 11.00 мен кешкі 17.00-ге дейін 6 сағаттық толаскез өткізді. Толаскез теміржолшылардың ақаулы рельстерді алюминий-термитті дәнекерлеу құрылғысымен дәнекерлеуімен ерекшеленді. Жұмыс барысын Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Ербол Оңғарбаев арнайы келіп бақылады. Айтпақшы, бұған дейін осы дистанцияның телімдерінде басшылардың қатысуымен үлгілік нұсқада өткен толаскез өткен болатын. Бұл – рельс дәнекерлеуде жаңа технология қолданған екінші толаскез.

Диірментөбе станциясынан солтүстік бағыттағы үшінші шақырымнан бастап анықталған, осы учаскедегі жолдарды тексеруден өткізген Модульдідиагностикалық кешенді вагоны (МДК) мамандарының хаттамасы дистанция жолшыларына тапсырылып, ақаулы рельстердің жолдың қай пикетінде анықталғаны құжатталған екен. Бүгін, міне, Қазалы жол дистанциясы бастығының орынбасары Ғалымжан Қарымсақов, дистанцияның 4-телімі бастығының орынбасары Ринат Қаранбаев, Ақтөбе рельс дәнекерлеу мекемесінен арнайы келген Асхат Қайыров бастаған дәнекерлеуші мамандар мен дистанцияның теміржолшылары қатысқан толаскез өз уақытында басталды.


Толаскез дайындығы алдындағы пысықтау инструктажын өткізген дистанция бастығының орынбасары жолшыларды үш топқа бөліп, әр топ мүшелеріне жекелей тапсырма жүктеді. 13-айналымның жол шебері Аманбек Тілеуов басшылығындағы алғашқы топта жол жөндеушілер Ербол Жұманов, Болат Әбетов және Қожахмет Тоқұзақов дәнекерленетін рельстерді өлшеп, бекітпеден ағытып, кесіп әзірлеу жұмысына міндеттелді. Ақтөбелік Нұрбол Қалимаханов «Штиль» құрылғысымен белгіленген рельстерді кесу, екінші топта Ринат Қоранбаев басшылығындағы жол жөндеуші Қолқанат Кенжеғұл және Алюминий-термитті құрылғының дәнекерлеушілері Жасұлан Төлепов пен Нариман Бижанов рельсті дәнекерлеу жұмыстарын жасайды.

– Бөлімше телімдеріндегі МДКмен анықталған ақаулы рельстерді Алюминді-термитті құрылғымен дәнекерлеу биыл Ақтөбе рельс дәнекерлеу мекемесінің мамандарымен бірге өткізіле бастады. Бұған дейін Қазалы жол дистанциясының теміржолшыларымен үлгі нұсқасындағы толаскез өткізіп, Алюминий-термитті дәнекерлеу құрылғысымен дәнекерлеу жұмыстарына куә болдық. Алдағы күндерде аталған құрылғымен өзге дистанциялар да толаскез өткізетін болады, бұл, біріншіден, басқа тиімділігін айтпағанда айтарлықтай уақыт үнемі мен сапа кепілі, – деп сипаттама берді Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі бастығының орынбасары Ербол Оңғарбаев.

Әр топқа бөлінген жолшылар уақытты тиімді пайдалану үшін берілген тапсырмалардың дер кезінде орындауға асыға кірісті. Артық сөз жоқ, жолшылар үнсіз қимылдауда. Тек алыстан көрінген пойыздың келе жатқанынан хабар берген белгі берушінің ескертпесіне ғана мән беріп жұмысты тоқтатып, белгілі қашықтыққа ығысады да пойыз өтіп кеткен соң қайта жұмысқа кіріседі. Ғалымжан Өтебайұлы жолшылардың асығыстық жасамауын және кесте бойынша өтіп жатқан пойыздарға кедергі келтірмеу үшін құрал-саймандарды тез жинап, жолдан белгілі қашықтыққа дейін алыс тұруын қадағалап, қауіпсіздіктің қатаң сақталуын бақылауда ұстауда.


Үшінші топта ақаулы рельс дәнекерленіп, технологиялық талапқа сай қолданысқа жарамды халге келтірілгенде оның болттарын бекіту, баптау жұмысын жол жөндеуші Азамат Тілеуов атқарды. Ал рельсті ажарлаушы Жанат Әбдібақиев дәнекерленген рельстің тігісін ажарлап, тігісті технологиялық талап керегінше жөнге келтірсе, ақаутапқыш арбамен Құрманай Сәмбетов рельстің дәнекерленуін сапасын тексеріп, анықтап отырды. Осылайша үш топқа бөлініп, бірі дәнекерлеп, бірі тігіп, енді бірі тігісті ажарлап, келесісі дәнекерлену дәрежесін арнайы құрылғымен тексере жүріп, алты сағатта алты ақаулы рельстің ақауын толық дәнекерлеп шықты.

– Толаскез Диірментөбе-Қорқыт телімінің жұп жолындағы ақаулы, ауыр ақаулы рельстерді Алюминийтермитті дәнекерлеу құрылғысымен дәнекерлеуге арналған. Оған дистанцияның 13 жолшысы мен Ақтөбе рельс дәнекерлеу мекемесінен келген 7 маман қатысуда. Бұған дейін рельстерді дәнекерлеу жұмыстары ПРСМ жол машинасымен атқарылып келгені белгілі. Енді дәнекерлеу жұмысына жаңа құрылғы пайдалануда. Әзірге дәнекерлеу ісіне арнайы құрылғылармен тексерілуде, нәтижесі құптарлық болса керек. Рельстер дәнекерленгеннен кейін, яғни толаскез уақыты тәмамдалған соң алғашқы пойыз сағатына 25 шақырым жылдамдықпен өткізіледі, – деді толаскездің өткізілуіне жауапты Қазалы жол дистанциясы басшысының орынбасары Ғалымжан Өтебайұлы.

Енді жол машинасының атқаратын алуан жұмысын алмастыратын кішкене құрылғының ерекшелігіне құлақ түрелік. Алюминий-термитті дәнекерлеу құрылғысы германия өндірісінен шыққан екен. Құрылғының арнайы қазаны, арнайы жағатын шырпысы, 1000 градуста балқып құйылатын тетра-пакеттегі термит порошогы, рельстің өзін және дәнекерленетін рельске кигізілетін қалыбы, қалыпты қыздыратын «гарелкасы», қалыптың қосымша қалқаншасы, рельске балқытылып құйылған қорытындыны кесетін кескіш құрылғысы секілді асаймүсейлері бар екен.

Ал, Алюминий-термитті дәнекерлеу құрылғысы қалай рельсті дәнекерлейді деген сауалға жауап берсек, оны да көрдік: топтопқа бөлінген жолшылар ақаулы рельстің орнын анықтап, жаңа рельсті өлшеп-пішіп әзірлеп кеткеннен кейін екінші дәнекерлеуші топ аралары 2,5 см қашықтықтағы рельсті қайта өлшеуден өткізді. Яғни дәнекерленетін екі рельстің түйіскен жерінің биіктігі, жанының, асты-үстінің түзулігі, қапталының, қабырғасының тегістігін өлшемнен өткізіп, оған дәнекерлеуге арналған жоғары температураға шыдамды темір қалып кигізіледі де қалып ішіне қоңыр түсті керамикалық қалып орнатылады екен. Қалып орналастырылған соң тесікқұтықтың түгелі сарғыш түсті арнайы қоспасы бар құммен тығыздалып бекітіледі, былайша айтқанда қалыптың бір-бірімен жапсарласа түйістірілген барлық жерлері сыланғандай, арнайы балғамен нығыздалыпұрылып бекітіледі де, горелкамен қалып та, рельс те қыздырылады. Қыздыру жұмысы жүріп жатқанда дәнекерлеушінің екіншісі қазандықты тазартып, түбіндегі арнайы тесікке алюминий тығынды орналастырып, пакеттегі термит қоспасы салынады. Қазанға қоспа салынған соң рельстегі қалыптың үстіндегі орнына қазан орналастырылады. Қазан орналастырылған бойда арнайы оттық шырпымен қазан ішіндегі термитті қоспа тұтатылып жағылады. Қоспа тұтанған бойда түтіні будақтап, жабулы тұрған қақпақтан қызыл жалын алаулап, артынша қоспа қайнап, балқыған ерітіндінің қақпақ астында бұрқылдап қайнағанын көресіз. Балқыған қоспа қазан түбінен рельстегі қалыпқа құйылып, балқыған темірдің жарығы айналаны алқызыл алауға бөлейді екен. Қорытпа шлагы қосымша қалқаншаларға құйылып болған соң, қазан орнынан алынып, темір қалып шешіліп алынады да, арнайы кескіш құрылғысымен кесіліп алынады. Міне, дәнекерлеу жұмысы тәмам.


Дәнекерлеуші құрылғының «тілін түсінетін мамандар» осы жұмыстың қыр-сырын терең меңгергені байқалады, рельс дәнекерленген орынды кескіштен өткізген бойда дәнекерлеу жұмысы сәтті шықты, тігіс те, оның биіктігі де жатық, ажарлау да қолайлы деп баға беріп жатты. Ендігі кезекте үшінші топтағы ажарлаушы мен ақаутапқыш арбаша мамандары рельс бетін ажарлап ретке келтіріп, рельсті ақаутапқыш арбамен сыннан өткізеді.

– Осыған дейін Астана, Атбасар станцияларында осы құрылғымен рельстерді дәнекерлеу жұмыстарын жасадым. Өзім Ақтөбедегі рельс дәнекерлеу кәсіпорнында жұмыс жасаймын. Алюминий-термитті дәнекерлеу құрылғысымен жұмыс жасау үшін арнайы мамандар тарапынан тәлім алып, дайындықтан өттік. Қазір бұл дәнекерлеу ісіне машықтанып алдық. Мұнда дәнекерленетін жерге қалыпты мейлінше дәл, нақты әрі дәлдікпен қою, қалыпта ашық-тесік қалдырмау секілді ерекшеліктерге барынша сақ болу керек және де балқыған темірмен жұмыс жасайтын болған соң қауіпсіздік шарасына аса мән беру шарт, – деп түсінік берді алюминий-термитті дәнекерлеу құрылғысының дәнекерлеушісі Жасұлан Төлепов. Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Ербол Оңғарбаев толаскез сәтті өтті деп баға беріп, рельс дәнекерлеудегі жаңа технологияның игерілуімен баршаны құттықтады. 

Жаңалықтар
05.07.2026
Астана әкімі мен ҚТЖ Басқарма Төрағасы Астана-1 теміржол вокзалын қайта жаңарту барысымен танысты
Жолаушылар тасымалы
04.07.2026
Сианьнан шыққан халықаралық туристік пойызбен Алматыға 60-қа жуық турист келді
Жаңалықтар
04.07.2026
ҚТЖ Басқарма төрағасы Атырау теміржол вокзалын жаңғырту жұмысын жеделдетуді тапсырды
Жаңалықтар
04.07.2026
Ақтау портында орамды болатты ауыстырып тиеу қайта жанданды
Жаңалықтар
04.07.2026
ҚТЖ басшысы мен Маңғыстау облысының әкімі Ақтау вокзалындағы жөндеу жұмыстарымен танысты
Жаңалықтар
04.07.2026
Талғат Алдыбергенов Маңғыстау облысындағы теміржол нысандарын аралады
Жаңалықтар
03.07.2026
Пойызда рейд ұйымдастырылды
Жолаушылар тасымалы
03.07.2026
Пойыз жолсерігі қандай міндеттерді атқарады?
Жаңалықтар
03.07.2026
ҚТЖ да 1000-нан астам тәлімгер кәсіби тәжірибесін жас мамандарға тапсырады
Жаңалықтар
03.07.2026
17 мыңнан астам теміржолшы біліктілігін арттырды
Жаңалықтар
03.07.2026
Мақсат – іскерлік этиканы нығайту
Жаңалықтар
03.07.2026
«Кедентранссервис» сыбайлас жемқорлыққа қарсы
ҚТЖ келбеті
03.07.2026
Үздіктер анықталды
Аймақтар
03.07.2026
Болашақтың игі бастамасы
Сұхбат
03.07.2026
«Integra Construction KZ» – жол құрылысының көшбасшысы
Аймақтар
03.07.2026
Жамбыл жырларын жатқа оқыды
Аймақтар
03.07.2026
Теміржолға адал перзент өсірген әкеге алғыс
Жаңалықтар / Мұрағат
03.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №51 03 шілде 2026 жыл
Аймақтар
02.07.2026
Атырауда теміржол техникасын сынақтан өткізетін тәуелсіз орталық ашылды
Жолаушылар тасымалы
02.07.2026
ҚТЖ пойыздарымен 6 миллионнан астам жолаушы тасымалданды