25.09.2026 — Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Жылдық жұмыс қорытындыланды

Жолдау
19.12.2019, 19:20
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан өткен жылы қабылданып бекітілген 2018-2019 жылдарға арналған кірме жолдарда жылжымалы құрамдардың жолдан шығуы, ұрлық-қарлық, жол-көлік оқиғасы, мал мен жанның пойыз басу оқиғаларын азайту бойынша Жол картасының жұмысы өз нәтижесін жариялады.

Жыл бойы өткен шаралар нәтижесінде магистральдық желілерде пойыздың адам басуы былтырғы жылмен салыстырғанда 14%-ке, ал жылжымалы құрамның зақымдануына әкелген малдың басылуы 4 оқиғаға кеміген.

Бұл туралы Ұлттық компанияның Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері Мұрат Мусин Жол картасының орындалуына қатысты өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді. Оның айтуынша, адамдарды пойыз басып кету оқиғалары Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда және Атырау жол бөлімшелерінде азайған. Жол картасын жүзеге асыру барысында халықты қауіп-қатерден сақтандыратын 6 мың жиын өтіп, оған 150 мыңнан астам адам қамтылған, және де құқық қорғау органдарымен бірлескен 500 астам рейд өтіп, оның барысында екі жүзден астам айыппұл салынған. Осыған ұқсас жиындар малдың қараусыз жайылып, пойызға басылып қалуын болдырмау мақсатында да өткізілген. Алайда, теміржол өтпелерінде қозғалыс қауіпсіздігін ұйымдастыру мәселесінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан жағдайдың жақсармай отырғаны рас. Керісінше, келеңсіз көрсеткіштер саны өскен. Оған себеп, пойыз өтетін жолда көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы болып отыр. Биыл қыркүйек айында Алматы бөлімшесі аумағында болған жолаушылар пойызы мен автобустың соқтығысуына қатысты елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғадан кейін мемлекеттік және құзырлы органдар өкілдерімен, «ҚазАвтоЖол», жергілікті әкімшілік қызметкерлерімен бірлесе теміржол өткелдерін тексерген ауқымды жұмыс атқарылыпты. Оның барысында автомобиль өтетін жол салуды қажет ететін жерлер, теміржол өтпелерімен тоғысатын қосалқы жолдарды жабу, сондай-ақ, бірқатар өтпелерге бейнебақылау орнату сияқты жайттар анықталған.

Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері кірме жолдарда жылжымалы құрамның жолдан шығып кету оқиғаларының азаймай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Соңғы бес жылда ондай оқиғаның басым бөлігі осы кірме жолдарда болып, соның салдарынан вагондар мен локомотивтер зақымдануда. Өткен жылға қарағанда биыл жылжымалы құрамның кірме жолдарда жолдан шығып кетуі 17 оқиғаға өсіп, одан 49 вагон зақымданған. Олардың көш басында «Арселор Миттал Теміртау», «Көлік сервисі орталығын» атауға болады. Сондай-ақ, «Соколов-Сарыбай таукен орны», «Казцинк Темір Транс», «Асалия» кәсіпорындарына тиесілі кірме жолдар тұр екен.

Мұрат Мусин кірме жолдарда вагондар мен локомотивтердің жолдан шығып кетуіне негізгі себеп, рельсті жолдар мен бағыттауыш бұрмаларға тиісті деңгейде күтім жасалмайтыны, жолдарды жөндеу және сауықтыру бойынша жұмыстардың жүргізілмейтіні екенін жеткізді. Сонымен қатар жүк тиеутүсіру, вагондарды бекіту тәртібінде де, қала берді тармақ иелерінің маневрлік жұмыстар өндірісі кезінде де тәртіп бұзушылығы бары анықталған. «Өкінішке қарай, Ұлттық компания өздігінен жекеменшіктегі теміржол желісіне тексеру жүргізе алмайды. ҚР «Теміржол көлігі туралы» заңда жекеменшіктегі кірме жолдарға тексеру жүргізу құқығына құзіретті орган ие, сол себептен Компания тарапынан ай сайын кірме жолдарда зақымданған жылжымалы құрамның санын көрсете отырып және кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмек көрсету туралы өтініш білдіре отырып, құзырлы орган атына хат жолдап келеміз. Мұндай хатты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына да, Қазақстандық тасымалдаушылар және вагон-контейнерлер операторлары қауымдастығына да жібердік. Бүгінгі оңтайлы сәтті пайдаланып, тағы да реттеуші тұлға ретінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жекеменшік тармақ иелерінің қарамағындағы кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде көмек көрсетілсе деген тілегімізді жеткізбекпіз», – деп түйіндеді сөзін департамент өкілі.

Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Магистральдық желі дирекциясы директорының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Бақытбек Алдажаров бөгде адамдардың, көлік жүргізушілерінің қауіптілігі жоғары аймақта жолдан өту ережесін өрескел бұзып, соның салдарынан теміржолшылар оқыс оқиғаларға тап болып жатқанына қынжылыс білдірді. Мысалы, биылғы 11 айда локомотив бригадалары жол үстіне шығып кеткен адамдар мен малдың, автокөліктің кесірінен шұғыл тежегіш басып, 1132 оқиға орын алған. Әрбір оқиға бойынша жол дистанциялары құқық қоргау органдарына хат жіберіп тұрады екен.

«Дирекция тарапынан теміржол маңында орналасқан станция және разъезд халқымен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Мектеп оқушыларымен, халықпен, мал иелерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Адам көп өтетін теміржол тұстарына қауіптің бар екенін еске салатын белгілер орнатылып, ескілері үнемі алыстан көрінетіндей болып жаңаланып тұрады. Бұған қоса бұқаралық ақпарат құралдарында теміржолдың қауіптілігі жоғары аймақ екенін ескертетін мақалалар жиі жарияланады. Соңғы үш жыл ішінде станция аумақтарында 207,895 км қоршау орнатылды. Өкінішке орай, қоршауларды бұзып немесе тонап алып кеткен фактілер де аз емес. Сонымен қатар мал үшін сым тартылған қоршаулар орнатып, бұзылғандарын жөндеп ретке келтірудеміз», – деп Дирекция тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды Бақытбек Алдажаров.

Әрі қарай теміржол инфрақұрылымына жауапты дирекция өкілі өтпелерде болып жататын жол-көлік оқиғаларына ауысты. Оның айтуынша, осы жылдың басынан бері Дирекция тарапынан 718 автошаруашылық қожайындарымен кездесу өтіп, 130 мыңға жуық көлік жүргізушісіне магистральдық желіден өту ережелері түсіндірілген. Сонымен қатар теміржол өтпелерінде аншлагтар ілініп, жол жүру ережелерін сақтауды ескерткен буклеттер таратылған, сондай-ақ, «Назар салыңыз – теміржол өтпесі» айлықтары да өткізілген. Алайда, теміржолшылар еңбегі еш кетіп отырғандай әсер қалдырады. Олай дейтініміз, биылғы 11 ай ішінде Дирекция бойынша 5 жол-көлік оқиғасы болып, салдарында 2 адам қаза тапқан. Әлбетте, бұл оқиғалардың орын алуына көлік жүргізушілерінің теміржол өткелі арқылы жолдан өту ережелерін бұзуы болып отыр. Ал осы өткелдерде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында өткел кезекшілеріне бөгде адамдардың шабуыл жасап, соққыға жығып та кеткен оқиғалар тіркеліпті. Биыл осындай келеңсіз жайт, яғни өткел кезекшілерінің соққыға жығылғанына қатысты Алматы, Жамбыл, Ақтөбе магистральдық желі бөлімшелері шекараларында 3 оқиға орын алған.

Келесі жағымсыз жайт, ол магистральдық желілерде жабдықтардың бұзылуы және теміржол бөлшектерінің ұрлануы. Әсіресе, пойыздар ағылып жататын жолдарда ұры-қарының жолдың жоғарғы құрылымы бөлшектерін ұрлап, қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіруі теміржолшыларды қатты алаңдатып отыр. Дөңгелек үстелге қатысушылар осы сияқты өздерін алаңдатқан мәселелермен қатар оларды шешу жолында атқарылып жатқан жұмыстармен де таныстырды. Жылжабар жиын соңында теміржолшылар құқық қорғау органдарымен, құзырлы ведомствомен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірлесіп істер жұмыстарын жалғастыруға келісті. Тараптар өздерін толғандырған сұрақтардың ортақ шешімін табуға уағдаласты.

Жүк тасымалы
24.09.2026
«Теміржолсу» нысандарды қысқа дайындауды аяқтауда
Жаңалықтар
24.09.2026
Астана-1 вокзалы қайта жаңартудың соңғы кезеңінде
Әлемде
24.09.2026
Еуропалықтар соңғы он жылда алғаш рет автобусқа қарағанда пойызбен жиі қатынаған
ҚТЖ келбеті
24.09.2026
58 жылдан кейінгі кездесу
Жаңалықтар
24.09.2026
Қазақстан ТХКБ-дағы контейнер тасымалын төрт есеге арттырмақ
Әлемде
24.09.2026
Вьетнам Siemens Mobility компаниясынан жүрдек пойыздар сатып алады
Жүк тасымалы
23.09.2026
KTZ Express Үндістанға жасымық жөнелтті
Әлемде
23.09.2026
Қырғызстан Wabtec компаниясынан 10 жаңа локомотив сатып алмақ
Жаңалықтар
23.09.2026
Ақмола облысында Атбасар вокзалын жөндеу аяқталды
Жаңалықтар
23.09.2026
ҚТЖ локомотив паркін қысқы тасымалдауға дайындауда
Әлемде
23.09.2026
CRRC энергия үнемдейтін SmartMetro пойызын таныстырды
Жаңалықтар
23.09.2026
Қазақстан вокзалдары жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты
Инфрақұрылым
22.09.2026
ҚТЖ Бейнеу бағытында автоматика жүйесін жаңғыртуда
Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ 150 мың тонна болат құбырды мультимодальды бағытпен тасымалдайды
Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ локомотив бригадаларының біліктілігін арттыруда
Трансформация
22.09.2026
SAP жүйесі: ҚТЖ үшін озық цифрлық шешім
Аймақтар
22.09.2026
Семейде тәулігіне кемі 350 вагон көмір тиелуде
Станция тынысы
22.09.2026
Шиелі станциясы өндірістік жоспарды межеден асыра орындады
Аймақтар
22.09.2026
Шу локомотив пайдалану депосында студенттерге «Ашық есік күні» өтті
Қауіпсіздік
22.09.2026
Астана жол дистанциясы оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді