ҚР Темір жол көлігінің орталық мұражайы

Галерея

ҚР Темір жол көлігінің орталық мұражайы

«Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының және Теміржолшылар мен көлік саласы кәсіподағының орталық кеңесі Президиумының 1998 жылғы 7 сәуірдегі шешімімен Қазақстан темір жол көлігінің орталық мұражайын құру туралы шешім қабылданды. Ашылу салтанаты  1999 жылы 20 желтоқсанда Түркістан-Сібір темір жолы басқармасының тарихи ғимаратында өтті.

Мұражай директорлығына Бейсен Шормақов тағайындалды. Мұражай қызметкерлері Қазақстандағы темір жолдың қалыптасуы мен дамуы, республика мен Орталық Азиядағы тарихи рөлі туралы материалдарды іздестіру,  жинақтау, жүйелеу және өңдеу бойынша орасан зор жұмыс атқарды.

2004 жылы мұражай ескі ғимараттан Алматы жол басқармасына көшті, қазіргі кезде  аумағы 600 шаршы метрден асатын мамандандырылған залда орналасқан.

«Жібек жолы» залының экспозициясы – ежелгі Жібек жолы өтетін мемлекеттің құрылуы, темір жолдың пайда болуы жөніндегі тарихқа терең бойлауға жетелейді. Залда археологиялық қазбалар : құрылыс қаптамасының бөлшектері, тұрмыстық ыдыстардың сынықтары, күміс зергерлік бұйымдар және т.б.қойылған.

Мұражайда барлық теміржол техникасының макеттері бар. Олар: Түрксіб дәуірінен қалған паровоз, тепловоз, электровоз, вагон, жол машиналары, сигнал беру және байланыс құралдарының, сонымен қатар көптеген көмекші құрылғылардың, таяқша жүйесінің, жол белгілерінің және басқа да түрлі құрал-саймандардыңң үлгілері.

Мұражайдың мақтанышы – мәңгілік алау жанып тұрған 2-ші дүниежүзілік соғыс жауынгерлері мен тыл ерлеріне арналған зал. Мұндағы қилы әскери  кезеңдердің шежіресі, теміржолшылардың жауды жеңуге қосқан үлесі бейнеленген әскери-тарихи экспозиция көзтартарлық.

Егемендік жылдарындағы теміржол шежіресі көрсетілген стендтер залы өз алдына керемет дүние.

Бірегей жәдігерлер қоры екі дәуірге: өткен ғасырларға (Ұлы Жібек жолы) және қазіргі кезеңге (егемен Қазақстан) саяхат жасауға, еліміздің болат магистральдарының тарихымен танысуға мүмкіндік береді.

Ашылған күннен бастап мұражайды он мыңдаған адамдар тамашалады. Олардың дені  қала тұрғындары, студенттер, шетелдік туристер.

Мұражай қызметкерлері республикалық мұрағаттар және мұражайлармен үздіксіз байланыста. Қажетіне қарай олардан фотоматериалдар, бейнефильмдер, бірегей құжаттар және басқа да тарихи сирек заттар  алынды.