Темір жол мұражайы (Ақтөбе)

Темір жол мұражайы (Ақтөбе)

1989 жылы Батыс Қазақстан темір жолы басқармасы және жол кәсіподағы президиумының шешімімен теміржолшылардың революциялық, әскери және еңбек даңқы мұражайы құрылды. Оның ашылуы Батыс Қазақстан темір жолының 10 жылдығына орайластырылған.

Барлық материалдар мен жәдігерлер жол басқармасы мен бөлімдері басшыларының, теміржол кәсіпорындарының, кәсіподақ және басқа да қоғамдық ұйымдар өкілдерінің көмегімен жиналды және ресімделді. Әр жылдардағы құжаттар елдің батыс аймағындағы теміржолдың пайда болуы, дамуы және қызметі туралы мағлұмат береді. Атап айтқанда, теміржол желілерін салу және пайдалану, сала қызметкерлерінің революцияға, азаматтық және 2-ші дүниежүзілік соғысқа қатысуы, кеңес кезеңінде тұрған міндеттердің орындалуы жайында материалдар жинақталған. Мұражай экспозициясында Батыс Қазақстан темір жолының қалыптасуы мен дамуына, еңбек ерлеріне арналған бөлімдер де бар.

Мұражай Батыс аймақтың болат магистральдарының тарихын сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар теміржолшылардың беделін арттыру, жастарды патриоттық тәрбиелеу, қоғамдық мұражайларға ғылыми-әдістемелік көмек көрсету үшін құрылды.