Сыр өңірі теміржолшылары ҚР инвестициялар және даму министрлігі, көлік комитетінің төрағасы Әсет Асанбаев бастаған топпен кездесіп, Елбасының кезекті Жолдауында көрініс тапқан «Үшінші жаңғырудың» негізгі бес басымдығын талқылады. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов модераторлық еткен шараға сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Арман Сұлтанов, Магистральдық желі дирекциясы бас инженері Қайырбек Орынбаев, «ҚТЖ-ЖТ» бас инженері Марат Шакенов, орталық кәсіподақ өкілі Жұпарбек Сабитов және жергілікті атқарушы билік өкілдері мен аймақтық темір жол саласы басшылары және еңбеккерлері қатысты. Министрлік өкілі Жолдауда белгіленген мақсаттарды орындауда көлік саласына қатысты атқарылған және атқарылуы тиіс бағдарламаларға шолу жасады. –Жолдауда еліміздің көлік кешенін дамытуға үлкен назар аударылған. Атап айтқанда, көлік саласының әлеуетін арттыру үшін дамудың бірнеше жобасы қабылданатын болады, оның бір парасы – Халықаралық көліктік логистикамен байланысты. Бүгінгі күні елімізде заманауи «Жібек жолын» дамытудың жаңа бағдары қалыптасып келеді. Азия мен Еуропа арасын көлік құралымен жалғастырудың жаңа жобасы ретінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі салынып, пайдаланылуда. Бұл жолдың 817 шақырымы Қызылорда облысынан өтеді. Сыр өңірінен іргесі қаланған «Жезқазған – Сексеуіл – Бейнеу» темір жолы да тауар айналымын арттырудың маңызды бөлшегі. Алдағы уақытта көліктік логистиканы дамыту шеңберінде төрт халықаралық көлік дәлізі ашылатын болады,– деді ол. Өз кезегінде «ҚТЖ» ҰК АҚ вице-президенті Арман Сұлтанов «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» атты Елбасы Жолдауында көлік саласы еңбеккерлеріне жүктеп отырған міндеттерге тоқталды. –Жаһандық дамудың жаңа жолында өз орнымызды қалыптастыруға міндеттейтін мемлекеттік бағдарлама Жолдауда айтылған бес басымдық болмақ. Сондықтан, жаңа индустриялар құрумен қатар технологияларды дамытып, дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, өнеркәсіп, көлік пен логистиканы дамыту – біздің алдымызда тұрған негізгі міндеттер,– деді ҚТЖ өкілі.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда