Астанада маңызды минералдар жөніндегі C5+1 диалогы аясында көлік-логистика саласын дамытуға арналған тақырыптық сессия өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Кездесу барысында қатысушылар жаһандық жеткізу тізбектерін дамыту, халықаралық логистикалық бағыттардың тиімділігін арттыру және баға қалыптастыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының келешегі мен оған инвестициялар тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Сессияға Орталық Азия мемлекеттері мен АҚШ-тың мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ өнеркәсіптік компаниялардың басшылары қатысты.

Талқылау барысында америкалық тарап маңызды минералдардың экспорттық әлеуетін арттыруға және халықаралық логистикалық тізбектердің тұрақтылығын күшейтуге қызығушылық білдірді.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.