Жамбыл теміржолшылары Кәсіподақ күнін боулинг жарысымен атап өтті
"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі
«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалы Кәсіподақтар күніне орай боулингтен жарыс ұйымдастырды.
Боулинг бәсекесінде жеребе бойынша төрт топқа бөлінген филиалдың бастауыш ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері тартысты ойын өрнегін көрсетті. Сала ардагері Жұман Сәменов те командасына жақсы ұпай салып, әлі де сапта екенін байқатты. Бұл жарыста жеңімпаздарды төрешілер емес, шардың траекториясы мен лақтыру дәлдігі анықтайтындығы белгілі. Ұпайлар санын да автоматты түрде компьютерлік жүйе есептейді.
– Филиал бойынша 19 бастауыш ұйым бар. Олардың қызметтік міндеттері әртүрлі болғанымен, кәсіподақтардың мақсаты ортақ. Ал командалық жарыс ұжымдық ауызбіршілікке әсер етіп, әлеуметтік көңіл күйді арттырады. Сондықтан атаулы кәсіби мерекеге арналған іс-шараны осындай еркін демалыс форматында ұйымдастыруды жөн көрдік. Еңбек адамының құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділері де белсенді демалыс өткізуге құқылы, – деп атап өтті «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының төрағасы Ерболат Жидебаев.
«Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін», ПЧ -51 Жамбыл жол дистанциясының кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Әбдірайымова «Еңбек озаты» медалімен, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Наурызбаев федерацияның Құрмет грамотасымен, Жамбыл вагон пайдалану депосындағы ұйымның төрағасы Жетпісбай Қарабеков Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ 7 кәсіподақ белсендісіне филиалдың Құрмет грамотасы тапсырылды. Ерболат Асылханұлының айтуынша, Кәсіподақтар күніне орай филиал бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділерін ынталандыру мақсатында түрлі марапатқа ұсынылған. Сондай-ақ барлық ұйымда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Ұйымдастырушылар достық әзіл ретінде әр қатысушыға қызықты жеке номинациялар ұсынып, арнайы дипломдармен марапаттады. Әр ойыншыға естелікке сыйлықтар тарту етті. Сонымен қатар атаулы күн құрметіне бірқатар кәсіподақ белсенділері Кәсіподақтар федерациясының марапатына ие болды.