Әйтеке би станциясының тарихында алғашқы теміржолшы зейнет демалысына шықты. 15 жыл бұрын теміржол тартылып, жаңадан пайда болған станция теміржолшылары ең алғашқы зейнеткерлерін құрметті демалысқа үлкен салтанатпен шығарып салды.   Пайғамбар жасына толған Орынтай Жақсыбаев өткен күндерін сағынышпен еске алып, әріптестерімен қимай-қимай қоштасты. «Станция құрылып жатқан кезде осы өңірде теміржол деген түсінік болмады. Қалаға автокөлікпен   қатынаймыз. Әйтеке би ауылының үстінен пойыз өтеді деген түсімізге де кірмепті. Ауыл арасында әңгіме тараған соң, сұрастырып жүріп, жаппай теміржолшы оқуын оқыдық. Өз басым Қостанайға барып оқыдым. Көпшілігі Ақтөбедегі жол-техникалық мектебіне барды, талай теміржолшы болып, оның ыстық-суығын бірдей көрдік, нанын жедік, рахмет бәріне», – дейді Әйтеке тарихындағы алғашқы зейнеткер. Айтуынша, теміржол жұмысы жеңіл дегендер қателеседі. Күні-түні оңды-солды қатынаған пойыз. Олардың қозғалысы. Жол қауіпсіздігі. Жауапкершілік өте жоғары. Оның үстіне Әйтеке би ауылының климаты әркелкі. Жазда аптап ыстық. Қыста қақаған аяз. Түзде жүретін теміржолшылар үшін оңай емес. «14 жыл еңбек етіппін. Станцияда пойыз құрастырушы да болдым, соңғы жылдары сигнал беруші болдым. Зейнет жасына келген соң, жастармен жағаласпай, демалысқа кетуді ұйғардым (күліп). Аз-маз демалған соң, жеке шаруамен айналысқым келеді», – дейді ресми түрде станцияның «№1 зейнеткері» деген атақ алып үлгерген Орынтай аға. Орынтай Жақсыбаев 2004 жылы жаңа жолдың ашылу салтанатын көзімен көргенін мақтаныш етеді. Қыс, сары аяз, Астана мен Ақтөбеден басшылар келген, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жолдың ашылу рәсімін жасап, жез қоңырауды соққанын балаларына жиі әңгімелеп отырады екен.   Асқар Ақтілеу, Әйтеке би