Жолдама да алды, жұмысқа да тұрды
Оқуға 2 мин
Астананың 20 жылдығына орай Тараз темір жол колледжінің биылғы түлектеріне арналған салтанатты шарада жастарға тамаша тарту жасалды.
Білім ордасының директоры Нұржан Нұралиев Астананың 20 жылдығы ел көлемінде ауқымды аталып өтіп жатқанын алға тартып, биылғы түлектердің арасында үздік бітіргендер өз жетістіктерін елорда мерейтойына арнап отырғандығын жеткізді. Бұдан соң сөз алған Құрметті теміржолшы, ЖТ-Жамбыл бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбек Ақшалов жыл сайын түлектерді құрметтеу салтанатында олардың болашақта кәсіби маман, білікті теміржолшы болатындарына сенім білдіретіндігін айта келе, 85 жылдық тарихы бар колледж түлектерінің арасында еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың есімдерін атап өтті. Олардың қатарында Қалтай Сембетовтің есімі ерекше аталды. Сондай-ақ Сағымбек Әділбекұлы түлектердің қатарында үздік бітірген бес студентке Құрметті теміржолшы,1958-1976 жылдар аралығында Жамбыл жол бөлімшесін басқарған, Жамбыл қаласының Құрметті азаматы атағын алғаш алған азаматтардың бірі – Байзақ Пірманов атындағы стипендияны табыс етті. Жиын соңында колледж директоры колледжді үздік бітірген бес студентке 20 жылдығын тойлағалы отырған Астана қаласына барып қайту үшін бес жолдама берді. Ал түлектердің диплом алу салтанатына арнайы келген Тараз локомотив жөндеу депосының өкілдері колледждің он түлегін жұмысқа шақырса, «АгроКалибрСервис» ЖШС өкілдері де он түлекті жұмысқа алатындарын мәлімдеді.
Ерман Әбдиев, Тараз
Суретті түсірген автор