Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай Қызылорда ЖТ бөлімшесі теміржолшылары ай бойы ауқымды шаралар өткеруде. Солардың бірі бүгін Қызылорда локомотив пайдалану депосында ұйымдастырылып, машинистер отбасындағы балаларға кітап, сәбилерге ойыншық пен тәттілер сыйлау шарасы өтті.   Барлық теміржол мекемелерін қамтыған акция бұл жолы «Кітаппен бөліс, ойыншықтар сыйла» акциясынан басталды. Бұл жолы «20 мейірімді іс», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында өтіп жатқан акция-эстафетаны Локомотив пайдалану депосы жалғастырды. Көп балалы отбасылардан шыққан әрі оқу жылын үздік бітірген машинистердің балалары түрлі сыйлық алып, мәз болды. Баршаны Астананың 20 жылдық және Қызылорданың 200 жылдық мерейлі тойымен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева мемлекеттің символы, асқақ абыройлы  Астана тойы – барша қазақстандықтардың да тойы екенін айтты,  балдырғандарды Отанын қадір тұтып, мақтан етіп қызмет етуге шақырып, патриоттық сезімді қалыптастыруда ойларымен бөлісіп, берекесі мен бақыты жарасқан Жилибаевтар мен Мақсұтовтар отбасына алғысын білдірді. – Жаңа Астананың келешегі XXI ғасырдың еншісінде, ал оның ертеңгі еңсесін көтеретін – бүгінгі жас жеткіншектер. Астанаға деген құштарлық, сүйіспеншілік сезімдерін тәрбиелеуде балаларды туған жер мен елін сүюге және Отанды қорғай білуге тәрбиелеуде осындай көп балалы отбасылардан үлгі алуы керек, – деген Локомотив пайдалану депосының бастығы Жұлдызбай Мұсаев балаларға кітаптар мен ойыншықтар сыйлады.   Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда