Семей  темір жолына қарасты Аягөз станциясының алғашқы жартылдықтағы еңбектегі жетістігі  көңіл көншітерлік. Қозғалыс және еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы жетістік өз алдына, тасымал көлемі, вагондар айналымы, жүк тиеу-түсіру де жылдағы көрсеткіштен анағұрлым артқан. Жазғы маусымда тәулігіне 20 жұп жүк пойызы, 8 жолаушы пойызы өтетін бірінші сыныпты тораптық станция  жұмысы бүгінде қауырт. Қазіргідей жаһандық экономикалық ахуалға қарамастан тың ізденістер, жаңа жобалар нәтижесінде кіріс көлемі артып келе жатқаны байқалады. Бүгінгі таңда ұлттық компания басшылығы алға қойып отырған басымдықтар – үнемділік, эксплуатациялық жұмыстарды ширату, жүк тасымалын арттыру және жеделдету сынды мәселелер Аягөз станциясында басты назарға алынған. Оның ішінде әсіресе үнемділікке айрықша көңіл бөлінген.   Станция бойынша экономикалық тиімділікті еселеуде батыл қадамдар жасалған. Бір ғана мысал, соңғы жартыжылдық көрсеткіш бойынша жүк тиеу ісінде жоспарды орындау 438,05 пайызға артып отыр. Ал жүк түсіру 180 пайызға орындалды. Сонымен қатар, станция бойынша вагондар айналымы 107,08%-ға артыпты. Экономикалық тиімділіктің еселенуіне жаңадан ашылған ірі өндіріс ошақтарын теміржол қызметін пайдалануға тарту және жүк тасымалдауды автокөліктен темір жолға көшіру шаралары оң нәтиже берген. Бұл ретте іргелі кәсіпорындармен, атқарушы билікпен бірлесе жұмыс жүргізілуде.  Өзара іскерлік әріптестік аясында жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. – Аягөз станциясы бойынша жүк тасымалы айтарлықтай артып отыр. Биылғы нәтиже өткен жылғы көрсеткіштен анағұрлым жоғары. Коммерциялық құпия болғандықтан тәптіштеп айта алмаймыз. Тоқтала кетер жайт, маусымдық жағдайға байланысты жүк тасымалының көлемі алдағы күзде тағы да артады деп күтілуде. Сондай-ақ, өңірдегі кәсіпорындар өндіретін құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері басымды үлеске ие болып отыр, – деп атап өтті Аягөз станциясының басшысы Қуаныш Әміренов. Айта кетер жайт, Орта Азия мен Ресейдің Сібір бөлігін жалғайтындықтан әрі Қытайдың отанымызбен алыс-берісі мол Шыңжаң өлкесімен халықаралық автокөлік қатынасы түйісетін Аягөз шаһарының логистикалық маңыздылығы күн өткен сайын арта түсуде. Бұл әлбетте өз кезегінде темір жол саласына экономикалық тұрғыдан оң ықпалын тигізуде.  

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Аягөз