Балалығын соғыс ұрлаған ұрпақ

Темір жол тарихы
24.04.2025, 17:06

Сұрапыл соғыс талай жанды қыршыннан қиып, талай шаңырақтың отын өшірді. Қанша мыңдаған баланы жетім етіп, балалық шағын ұрлады. Ер-азаматтар қолдарына қару алып майданға аттанғанда, елде қалған егде жастағы адамдар мен бұғанасы қатпаған бала-шаға ауыр жұмысқа жегілді.    

Менің атам Кеңесхан Бозтаев пен әжем Күлдәкеш Бозтаева – бар болғаны 10-11 жастарында қабырғалары қайысып қара жұмыс атқарған соғыс жылдарының балалары.    

Атам Бозтаев Кеңесхан Қажыкейұлы 1933 жылы Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Тесұя ауылында дүниеге келген екен. Соғыс жылдары он жастағы бала ересек саналып, еңбекке араласқан екен. Атам да титтейінен мал бағу, қора тазалау, жүн қырқу, шөп шабу және т.б. жұмыстарды күнделікті атқарып үйренген ғой, колхозда соғысқа жіберілетін өнімдерді дайындау мақсатында құрылған арнайы отрядта жұмыс істеп бастағанда он жастан енді асқан бала екен. Кейін тыл еңбеккерлері атанған ұрпақтың өкілі. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы қажырлы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалі – осының айқын дәлелі.

Ал әжем Бозтаева Күлдәкеш Әлханқызы 1932 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қалғұты ауылында дүниеге келген. Титтейінен ол да бидай жинауға, егін күзетіне қатысқан. «Күнұзақ аңызақ далада екі қолға тыным бермейтінбіз» дейтін кезінде әжем. Соғыс туралы сөз қозғалса, көзіне жас үйіріліп, балалық шақтарын ұрлаған қу соғысты қарғап қойып әңгімесін айтып беретін. «Ол бір қиын заман болды, елде қалған еңбекке жарамды жандардың бәрі қолдарынан келгенше майданға қолғабыс қылуға, өз беттерінше күнелтіп, тіршілік жасауға тырысты. Жансебіл еңбек етіп, өлермен тірлік кешкеннің арқасында тірі қалдық» дейтін. Әжем де «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.    

Атам мен әжемнің басқа да көптеген марапаттары болды. Атам 1957 жылы Құрмет грамотасымен марапатталып, Жоғары өндірістік нәтижеге қол жеткізгені үшін «Құрмет кітабына» енгізілгені туралы куәлігі болатын. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Кәсіподақтың Орталық Комитеті атынан «1976 жылғы әлеуметтік жарыстың жеңімпазы», 1978 жылы «Коммунистік еңбек екпіндісі» белгілеріне ие болды.  

Әжемнің қоржынында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Жарғысымен 1, 2, 3-дәрежелі «Аналық даңқ», «Алтын алқа» белгілері, Ұлы Жеңістің аяқталғанына «65, 75 жыл толуына орай» мерекелік медальдар тыл ардагерінің төсін жарқыратып тұратын.  

Атам мен әжем соғыстан кейін 1950 жылы бас қосып, қырық жыл бойы мал шаруашылығымен айналысты. Төрт түліктің бабын тауып, бала-шағасын асырады. Бір-біріне әй-шай десіп көрмеген айрандай ұйыған отбасыдан 11 бала тәрбиеленіп өсті. Ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қызығын көріп, ұзақ жасап дүниеден өтті. Тілектері «біз көрген заманды сендер көрмеңдер, соғыстың аты өшсін!» деп отыратын. Олардан тараған 22 немере, 27 шөбере үшін ата мен әже бейнесі – мәңгі мақтаныш. Әр шаңырақта олардың суреті ілулі тұр.  Жыл сайын Жеңіс күні жұртпен бірге біз де он жасында еңбекке араласып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан кешегі кеңес елінің миллиондаған балалары қатарында болған тыл  ардагерлері – атамыз бен әжемізді еске алып, бас иеміз.  Немерелерінің бірі мен – Толқын Бозтаева, «ҚТЖ» ҰК» АҚ   – «Көпсалалы қызмет көрсету орталығы» филиалының бас менеджері қызметін атқарамын.  

Бәрімізді атамыз бен әжеміз ерте кезден еңбекке баулып өсіріп, адал нан табуға, уақыттың қадіріне жетуге тәрбиеледі. Балалық шақтың естелігі біз үшін аяулы атамыз бен әжеміздің асыл  бейнелерімен қатар өрбиді. Мысалы, атам үнемі таң сәресінен тұрып, бақша суаратын. Кейде бізді «тұрындар, балықтар келді» деп оятатын. Көзімізді аша сала бақшаға тұра жүгіретін біз арықтағы суда жүзіп жүрген ұсақ балықтарды көріп мәз болатынбыз. Үлкен каналдан су бұрғанда ағыспен ілесіп келген балықтар біз үшін тамаша қызық болатын. Осы тәрізді естеліктер санамызда күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Ерен еңбектері ақталып, бейбіт күнге жетуге бала кезден үлес қосқан қос шынарыма алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ардагерлер – біздің мақтанышымыз. Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Сол бір сұрапыл жылдары жеңісті жақындатуға өлшеусіз қызмет еткен  соғыс кезіндегі балалардың жанкешті еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Мен осындай тыл ардагерлерінің ұрпағы екенімді мақтан тұтамын! Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!  

 

Толқын Бозтаева,  

«ҚТЖ» ҰК» АҚ  – «Көпсалалы қызмет көрсету орталығы»

филиалының бас менеджері

Жаңалықтар
31.07.2026
Күш адамдар бойында: ҚТЖ кәсіби мерекеге орай өндіріс озаттарын марапаттады
Аймақтар
31.07.2026
Атырауда үш вокзал ашылды
Аймақтар
31.07.2026
Ақтөбе облысында екі теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
ҚТЖ келбеті
31.07.2026
Бурабайлықтар көш басында
Цифрландыру
31.07.2026
Темір жолдың цифрлық жүрегі
Жаңалықтар
31.07.2026
Алғыс айтты
Жаңалықтар
31.07.2026
Үздік станция – Астана-1
Жаңалықтар
31.07.2026
Республикалық байқау өтті
Аймақтар
31.07.2026
Еңбек ер атандырған Ерлан
Аймақтар
31.07.2026
Аягөздің абыройлы азаматы
Аймақтар
31.07.2026
Достық – мүмкіндіктер мекені
Аймақтар
31.07.2026
Түбекке танымал тұлға
ҚТЖ келбеті
31.07.2026
Кәсібиліктің үлгісі
Жаңалықтар
31.07.2026
Жүз жылдық тарихқа саяхат
Әлеумет
31.07.2026
Тағы екі жүз бала демалады
Спорт
31.07.2026
Маңғыстаудың намысын қорғайды
Жаңалықтар / Мұрағат
30.07.2026
Қазақстан теміржолшысы  газеті, №58-59 31 шілде 2026 жыл
Аймақтар
30.07.2026
Түркістан облысында екі теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
30.07.2026
Қарағанды облысында екі теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
30.07.2026
Жамбыл теміржолшылары 250 жүргізушіге профилактикалық акция өткізді