Халықаралық маңызға ие Түрксіб теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өткеннен кейін заманауи келбетке ие болды. Жамбыл өңіріндегі Т.Рысқұлов және Меркі аудандарына қызмет ететін вокзал еліміздің батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі және де көршілес Қырғыз Республикасы мен Ресей, Өзбекстан бағыттарындағы темір жол бойында орналасқан.

– Тарихы Түркістан – Сібір темір жолымен тамырлас Түрксіб вокзалы үшінші санатқа жатады. Ғимаратқа 2003 жылғы зілзаладан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда екі бірдей ауданның тұрғындарына қызмет ететін нысан тарлық ететін. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайсыздықтар тудыратын жағдайлар болды. Қазіргі жаңа, заманауи үлгіде салынған вокзалдың жолаушыларға арналған күту залында 94 орындық қойылған. Барлық инженерлік жүйелер жаңартылды. Вокзалда жолаушылар мен қызметкерлердің пайдалануына арналған санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған. Олардың тазалығы мен санитарлық жағдайы тұрақты бақылауда. Тағы бір айта кететіні, вокзалдың перроны жаңартылып, аумағы түгелдей абаттандырылды. Пер ронда вокзал кезекшісі мен билет кассасы орналасқан модуль қойылған. Жылуды сақтау үшін төрт жылыту құрылғысы орнатылған, модуль ішіндегі температура – 20 градус. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арба да бар, – дейді вокзал бастығы Нұрлан Әбішев.  

Вокзал ғимаратында өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған. Жолаушылардың күту залы, мүмкіндігі шектеулі жандар, балалы аналарға арналған бөлмелерден бөлек, қажетті материалдар мен шаруашылық заттарын сақтауға арналған қойма да, нысан аумағында сыртқы санитарлық торап та қарастырылған. Вокзал бастығының айтуынша, төтенше жағдай кезінде пайдалануға арналған паналау орны да бар екен.  

Вокзалдарды қайта жаңғырту жобасы аясында Түрксібте құрылыс жұмыстары басталғанда Т.Рысқұлов ауданының тұрғындары қатты қуанған екен. Себебі Түрксіб станциясы арқылы тәулігіне жиырмадан астам жолаушылар пойызы қатынайды, кез келген бағытқа пойызбен бару тиімді. Сырттан келетін қонақтар да теміржол көлігін таңдайды. Сондықтан вокзал ғимаратында барлық жағдай қарастырылғаны – қуантарлық жайт.  

– Тура осы вокзалға іргелес жатқан көшеде тұрамын. Қазір бұрынғыдай кент мәртебесі жоқ, қарапайым Луговой ауылы. Аудан орталығына тиіп тұр. Жалпы Құлан жері тарихи мекен, сондықтан алыс-жақын шет елдерден де туристер көп келеді. Үлкен қалаларда тұратын сыйлы қонақтарымыз бар. Енді міне, кім келсе де, жарқыратып көрсетер вокзалымыз бар, – дейді Луговой ауылының тұрғыны Есенкүл Мұхтарова.