«Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалының Жамбыл жол дистанциясының бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен боулингтен жарыс өтті.

Дистанция бастығы Дәулетбек Несіпбекұлы бастаған теміржолшылар бес командаға бөлініп, өзара бақ сынасты. Боулингте ұпай саны компьютерлік жүйемен есептелетін болғандықтан, бұл жолы сәттілікті жеребе шешті.

– Командалар алдын ала іріктелген жоқ. Дистанция бастығы Дәулетбек Несіпбекұлының ұсынысымен ойыншылардың қай топқа түсетінін жеребе анықтады. Теміржолшылар арасында боулингтен жарыс жиі ұйымдастырылып тұрады. Жалпы отбасылық демалысты белсенді әрі пайдалы өткізетіндер көп. Қолы үйренген мықтылар бір құрамаға бөлінсе, жарыс тартысты өтпейді. Сондықтан бұл ойын барысының әділ өрбуіне көмектесті, – дейді Жамбыл жол дистанциясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Абдраимова.

Жалпы дәлдік пен қашықтықты тура өлшеу – жолшылардың кәсіби дағдысы.  Олар күнделікті жұмыс барысында осындай сынақтан өтіп жатады. Содан болар, бес команда арасындағы жарыс тартысқа толы болды. Дегенмен, жеңімпаздарды компьютерлік жүйе жүргізген қорытынды есеп анықтады. Жарыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар табысталып, үздік ойыншылар мен жүлдегерлерге кәсіподақ ұйымының атынан естелік сыйлықтар табысталды.