«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалына қарасты Шу локомотив пайдалану депосы ұжымының ұйымдастыруымен теміржолшы Айдар Чоқабаевты еске алуға арналған шағын футболдан аймақаралық чемпионат өтті.

Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков чемпионаттың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде теміржолшылар арасында сақталған ұрпақтар сабақтастығына, адал еңбек адамына деген құрметтің беріктігін ерекше атап өтті. Шу локомотив пайдалану депосының басшысы Әлімжан Оспанов бар ғұмырын темір жол саласына, оның ішінде аталған депоның дамуына арнаған Айдар Тоқтаболатұлының еске алу мақсатында ұйымдастырылып отырған чемпионаттың маңызына тоқталды.  

Депо ұжымы ұйымшылдықпен өткізген іс-шараға Айдар Чоқабаевтың туыстары мен бірге жұмыс істеген әріптестері, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалы кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Наурызбаев, Жамбыл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Мәди Қонысбаев қатысты.

Шағын алаңда Алматы, Тараз, Шу қалалары мен Сарышаған бөлімшелеріндегі теміржолшылардан құрылған он төрт команда бақ сынасты. «ТЧЭ Алматы» құрамасын Алматы пайдалану депосы бастығының орынбасары Мұрат Мауленов бастап келді. Жеребе бойынша алғаш құрамалар төрт топқа бөлініп, топтық кезең кездесуі өтті.  

«Бергер кестесіне» сәйкес топтық кезеңде алдымен ашылу матчтары, одан кейін бір топтың жеңімпаздары мен ұтылған командалар кездесіп, үшінші айналымда шешуші ойындар өтті. Осылайша әр топта екі команда ширек финалға шықса, жартылай финалда бірінші мен екінші, үшінші мен төртінші жұптардың мықтылары кездесті. Ақтық ойында жеңіске бір табан жақын қалған «ПЧМ – Шу» командасы «Локо – Шу» құрамасына есе жіберіп, екінші орынды иеленді.  

Бір айта кететіні, алаң иелері жарысқа екі бірдей «Локо – Шу» және «ТЧ – 30» командаларын қосқан болатын. Соның бірі –  «Локо – Шу» чемпиондық кубокпен бірге, 300 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. «ПЧМ – Шу» командасына 200 мың теңге сыйақы бұйырды. Ал қола жүлде үшін болған кездесулерде жеңіске жеткен Жамбыл локомотив пайдалану депосының «ТЧ -31» және «ТЧ – 30» командаларына үшінші орынның жүлдесі – 100 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды.

– Әріптесіміз Айдар Тоқтаболатұлы бар ғұмырын темір жол саласына арнады. Шу және Жамбыл локомотив пайдалану деполарында еңбек етті. Сондықтан филиалдың бас инженері Дүйсен Сыдықовтың бастамасымен «ТЧ -31» депосынан команда құрылып, оны Жамбыл локомотив пайдалану депосы бастығының міндетін атқарушы Мәди Қонысбаев бастап келсе, кәсіподақ ұйымы арнайы көлік ұйымдастырып, барлық жол шығынын көтерді, – дейді «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалы кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Наурызбаев.

Темір жол саласына алғаш Шу локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі болып келген Айдар Чоқабаев машинист, нұсқаушы болып жұмыс істеп, кейін Қостанай, Тараз қалаларында қызмет еткен. 

«Айдар Тоқтаболатұлымен осы деподағы еңбек жолымыз қатар өрбіді. Мен 1992 жылы машинист көмекшісі болып келгенімде, ол сол жұмысты атқарып жүрді. Кейін бірге машинистке ауыстық. Бірімізден кейін біріміз нұсқаушы, тағы басқа қызметтерге өсіп отырдық. Біраз жыл Қостанайда, одан соң Таразда жұмыс істеді. Отбасылық жағдайына байланысты туған жері Шуға қайта оралған болатын. Ол өзінің адал еңбегімен, жауапкершілігімен және адамгершілік қасиетімен әріптестерінің арасында құрметке ие болды. Бүгінгі чемпионат депо басшылығы және ұжымның ұйымдастыруымен өтуде», – деп еске алады әріптесін аға нұсқаушы Темірхан Мұхамеджанұлы.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған чемпионатқа командалар да жақсы дайындықпен келіпті. Әр матч тартысты өтті. Шу пайдалану депосы бастығының орынбасары Мейірхан Орысбай жүлделі орындардан бөлек, чемпионаттың «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік сұрмергеніне» де қаржылай сыйлық тағайындалғанын, сондай-ақ барлық Шу теміржол торабының барлық дерлік футбол командалары қатысқанын атап өтті.  

Соңынан ойыншылар мен келген қонақтар марқұмның жылдық асына арнап жайған дастарханнан дәм татып, рухына Құран бағыштады.