Қытай Чэнду – Серахс бағыты бойынша жүк пойызын іске қосты
Қытай Чэнду – Серахс бағыты бойынша теміржол арқылы жүк тасымалын бастады. Сычуань провинциясынан алғашқы жүк пойызы 2026 жылғы 1 қыркүйекте жолға шықты, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бұл жыл басынан бері Чэнду мен Түрікменстан арасында ашылған екінші тікелей теміржол бағыты. Алғашқы бағыт биыл маусым айында іске қосылып, жүк пойызы Түрікменстанның Балқан уәлаятындағы Агара теміржол станциясына жеткізілген болатын.
Жаңа бағытпен тасымалданатын жүктің түрі мен нақты жеткізу мерзімі туралы толық ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, Чэндудан Орталық Азия елдеріне теміржол арқылы жүк жеткізу шамамен 10-12 күнге созылуы мүмкін.
Чэнду Қытайдың ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналады. Қаладан Орталық Азия елдеріне негізінен тұрмыстық техника мен электроника, автомобиль өнеркәсібінің өнімдері, қосалқы бөлшектер, өнеркәсіптік және халық тұтынатын тауарлар тасымалданады.
Қытай Чэнду қаласы мен Орталық Азия елдері арасындағы тұрақты жүк теміржол қатынасын 2014 жылы бастаған. Алғашқы кезеңде пойыздар Алматы мен Ташкент бағыттарына қатынаған. Кейін бағыттар қатарына Астана, Бішкек және Душанбе қалалары қосылды.