Екінші класты жүк станциясына жататын Шағырдан өткен жылы 2900 тонна мұнай экспортқа шығарылған. Былтыр сәуір айынан бастап тасымалданғандықтан, ай сайын 443 вагонға, барлығы  3547 вагонға  қара алтын тиелген.   Құмкөлден шығатын шикі мұнай «Қазтрансойл» компаниясының құбырымен Шымкенттегі Айкөл мұнай құю бекетіне, сосын Шағырға жетеді. «Торғай-Петролеум» компаниясының осы бекеттегі шағын мұнай құю қоймасы және  бекеттен үш км жерде аталған компанияның кірме жолы бар.  Сондағы қоймадан бір құйғанда 40 вагонға мұнай толтырылып, Өзбекстанның Ферғанадағы мұнай өңдеу зауытына жіберіледі.  – Бұрын тек Өзбекстанға жөнелтсек, биылдан бастап Қырғызстанның Қара-Балта мұнай өңдеу зауытына да тасымалдануда. Қаңтарда қырғыздарға 11,500 тонна мұнай  жөнелтілді. Ақпанда өзбектерге 10 мың, Қара-Балтаға 12 мың тонна мұнай тасымалданады. Былтыр мұнай тасымалы сирегенде мамандарды сақтау үшін бірқатарын көрші бекеттерге уақытша ауыстырған едік.  Енді жұмыс көлемінің артуына  байланысты екі пойыз құрастырушыны бесеуге дейін көбейту қажеттілігі  туындауда. Бұл жайлы бөлімше бастығы хабардар. Көктемнен бастап жұмыс осы қарқынмен жүрсе мамандар қажет болмақ, – дейді станция бастығы Бақытжан Қарынтаев.   Жалпы, «Торғай-Петролеум» компаниясы осыдан екі жыл бұрын қойманың қасынан мұнайды өңдеп, бензин, керосин, дизтопливо шығаратын шағын кәсіпорын салуды жоспарлаған екен. Белгілі себептерге байланысты тоқтап қалған жоба  биыл қайта жанданатыны байқалуда. Жақын жылдары іске қосылатын болса, Шағырдан айына 200 вагон өңделген мұнай өнімдері тасымалданбақ.

 Динар МЕЙІРМАН, Шымкент