Райхан РАХМЕТОВА Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Қауіп қайда деме...
2 мин чтения
Кеше Астана қаласындағы теміржолға жақын орналасқан №36 мектепте теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін ескерткен маңызды шара өтті.
Шараны ұйымдастырушы Астана локомотив пайдалану депосы мен Ірілендірілген Астана жол дистанциясының еңбек қорғау саласы мамандары жол ережелерін сақтамаудан болатын қайғылы оқиғалар саны азаймай отырғанын мәлімдеді. Мәселен, биыл темір жол бойында бейқам жүрген адамдарға қатысты 4 қайғылы оқиға болған. Мұндай жағдайлар көбіне темір жолды белгіленбеген жерлерден кесіп өту, әртүрлі жастағы азаматтардың ойсыз әрекетінен, олардың темір жол бойында ең қарапайым жол ережелерін сақтамауынан, жүріп бара жатқан құрамның алдынан жүгіріп өту, платформадан секіру, вагондар арасынан және астынан өту, автотіркегіште тербетіліп тұру секілді әрекеттерінен орын алып жатқанын атап өтті УПЧ-17 еңбек қорғау инженері Асылхан Нұрғожин.
Мектептің мәжіліс залына жиналған жоғары сынып оқушыларына жолдан жүру ережелерін түсіндіретін бейнероликтермен қатар мультфильмдер көрсетілді. Бұдан соң мамандар оқушылардан не түсініп, не түйгендерін сұрады. Жасөспірімдер сұрағына жауап берді.
Ай сайын теміржолға жақын мектептер оқушыларымен осындай кездесулер өткізуді жоспарға бекітіп қойған локомотив депосының жетекші инженері Гүлзада Әбдіқалықова кездесу мақсаты – балалар өмірінің қауіпсіздігін сақтау екенін жеткізе отырып, оқушыларды темір жол аймағында өте абай болуға шақырды. «Себебі, кез-келген уақытта бір жақтан пойыздың шыға келуі, тоқтап тұрған вагондардың жүріп кетуі мүмкін. Арнайы белгіленген жерлер: көпір, өткелдер, өтпелерден ғана өту керек. Пойыздар қозғалып бара жатқандағы қауіпсіз ара қашықтық рельстің шетінен 5 метр аралық болу керек. Осыны өздеріңіз де біліп, достарыңыз, туыстарыңызға да айта жүріңіздер. Себебі сіздердің аман-сау болғандарыңыз өзіңіз үшін, ата-анаңыз үшін, қоғам үшін де керек», – деді теміржолшылар. Балалар да бір ауыздан өз көргендерін іс жүзіне асырып, темір жолдан өту ережелерін сақтауға уәде етті.