Бас ауырып, балтыр сыздамайтын адам кемде кем болса керек. Алайда қаншама халықтың тағдырына жауапты жандар денсаулығы көптің аман-саулығының кепілі. Соның бірі – машинистер десек артық айтпаспыз.  Тепловоз тізгіндеген жанның жағдайы жол үстінде  күрт төмендесе не болмақ? Осындай жағдайдың  алдын алу мақсатында Маңғыстау локомотив пайдалану депосындағы машинистер мен көмекшілеріне, депо кезекшілеріне маман кеңесі берілді.    Жиынға негізінен жоғары қан қысымы бойынша тіркеуде тұратындар шақырылды. Қазір мұндай есепте аталған санаттағы  56 машинист пен көмекшілері  бар көрінеді. Сол азаматтар жолға шықпас бұрын, жолда, жалпы өмірде нені ескеруі тиіс? Мұны мекеменің өндірістік дәрігері Амангелді Сейтбимбетов бүге-шүгесіне дейін әңгімелеп, бейнероликте көрсетті. Цехтық кәсіподақ комитеті төрағасы Әбілсейіт Нәбиханов қан қысымының деңгейі 140-тан жоғарыласы тепловоз жүргізуге жіберілмейтінін атап, себебін тәптіштей түсіндірді.    - Қан қысымының жоғарылауына бірнеше фактор әсер етеді. Кейбіреулер соған немқұрайдылықпен қарайды. Бұл дұрыс емес. Нәтижесінде оны машинистен басқа жеңіл жұмыстарға ауыстыруға тура келеді. Мұны көбі түсіне бермейді, ал ертең ол орны толмас өкінішке ұрындырса кім жауапты болмақ? - дейді ол.    Қатысушылар дәрігерге міндетті медициналық сақтандыруға байланысты және тақырыпқа сай сұрақтарын қойып, тиісті  жауап алды. 30 жылдық тәжірибесі бар машинист Манас Тілеулиев өзге өңірдегі деполар сияқты бізде де психолог маманы болса жұмысқа бара жатқанда, шаршап- шалдығып келгенде көп көмегі тиер еді дегенді алға тартты. Оған себеп, машинистер мен көмекшілерінің психологиялық тұрғыдан үш топқа бөлініп, жолға сол топтардың үйлесімділігі бойынша жіберілетіні екен. Бұған жауап берген депоның еңбек қауіпсіздігін қорғау жөніндегі жетекші инженері Айбат Дауылбаевтың айтуынша, психолог штатын ашуға сұраныс әлдеқашан беріліп, оның жұмыс жасауына қажет құрал-жабдықтар да сатып алынып қойғанмен әлі шешімген жоқ. Қазірге бұл маманға қажеттілікті өңірлерден іссапарлатып келетін психологпен, ол келгенше машинист нұсқаушысының көмегімен өтеп отырған көрінеді.      

 Шахида Жұман,

Маңғыстау