Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Биыл да басталды...
1 мин чтения
Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты жол телімінде ақпан айында бөгде адамның пойызға басылуы оқиғасы орын алып, бір адамның ажалы теміржолдан болды.
Оқиға күндізгі 14 сағат 10 минут өткенде Қызылорда-Шиелі участогының 2824-шақырымында орын алған .
– Бұл – ағымдағы жылы бөгде адамның пойызға басылуына байланысты орын алып отырған алғашқы жағдай. Демек биыл да басталды деген сөз. Зерттеу нәтижесінде Қызылорда-Белкөларалығында сағатына 50 км жылдамдықпен келе жатқан №23 пойыз машинисі жедел тежегіш басқанымен, арақашықтықтың өте жақын болуына байланысты тоқтай алмаған. Пойыз тоқтағанда 5-вагонның астында жатқан бөгде адамның денесін көрген. Жолаушылар пойызындағы қоғамдық тәртіпті қадағалаушы ЖІІб полицейлері мен локомотив бригадасы адамның денесін қарап станция кезекшісі мен тиісті құзырлы органдарға хабар берген, – дейді бөлімшенің қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Еркін Оңалов.
Зерттеу кезінде апат орын алған жер толық тексеруден өткізілген. Аталған перегонның екі тарапы да қоршаумен қоршалғаны және жолдың қалтарыс-бұрылысы жоқ, тіп-тік екені анықталған. Бөлімше басшылығы тарапынан дистанция басшылығына теміржол желісіне жақын орналасқан елді мекен тұрғындары мен білім ошақтарында теміржолдың қауіп-қатері жайлы түсінік және насихат жұмыстарын тағы да жандандыра түсуге пәрмен берілген.