Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты жол телімінде  ақпан айында бөгде адамның пойызға басылуы оқиғасы орын алып, бір адамның ажалы теміржолдан болды.  Оқиға күндізгі 14 сағат 10 минут өткенде Қызылорда-Шиелі участогының 2824-шақырымында орын алған . – Бұл – ағымдағы жылы бөгде адамның пойызға басылуына байланысты орын алып отырған алғашқы жағдай. Демек биыл да басталды деген сөз. Зерттеу нәтижесінде Қызылорда-Белкөларалығында сағатына 50 км жылдамдықпен келе жатқан №23 пойыз машинисі жедел тежегіш басқанымен, арақашықтықтың өте жақын болуына байланысты тоқтай алмаған. Пойыз тоқтағанда 5-вагонның астында жатқан бөгде адамның денесін көрген. Жолаушылар пойызындағы қоғамдық тәртіпті қадағалаушы ЖІІб полицейлері мен локомотив бригадасы адамның денесін қарап станция кезекшісі мен тиісті құзырлы органдарға хабар берген, – дейді бөлімшенің қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Еркін Оңалов. Зерттеу кезінде апат орын алған жер толық тексеруден өткізілген. Аталған перегонның екі тарапы да қоршаумен қоршалғаны және жолдың қалтарыс-бұрылысы жоқ, тіп-тік екені анықталған. Бөлімше басшылығы тарапынан дистанция басшылығына теміржол желісіне жақын орналасқан елді мекен тұрғындары мен білім ошақтарында теміржолдың қауіп-қатері жайлы түсінік және насихат жұмыстарын тағы да жандандыра түсуге пәрмен берілген.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда