Ардагерлер арасында
2 мин чтения
Қызылордалық ардагерлер Астана қаласының 20, Қызылорда шаһарының 200 жылдығы құрметіне шахматтан турир өткізді. Бөлімше ардагерлері кеңесінің төрағасы Поштабек Нарманов бастаған зейнеткерлер елдік шараға осылай атсалысып, өздерінің әлі де болса қоғамда алар орны бар екендіктерін білдірді.
«Ақсүйектер ойыны» аталған зерде сайысында қарсыластарының интеллектуалдық ойы мен тактикасынан сыралғы болып, жаңа қорғаныс пен шабуыл түрлерін ойластыра білген зейнеткерлер Аманжол Әлібеков пен Валерий Зверевке жететін ешкім болмады. Олар баршаны өздерінің шебер ойын тәсілдерімен тәнті етіп «чемпион» атағына лайық деп танылып, шілде айының соңында Астана қаласында өткізілетін республикалық турнирге жолдама алды.
– Бүгін біздің бөлімше ардагерлері арасында өткізілген шахмат сайысы «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» кәсіби одағы ұйымының төрағасы Ермек Төлегеновтың бастамасымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және салауатты өмір салтын насихаттауды жүзеге асыру мақсатында өткізіп отырмыз, – деді турнирді ұйымдастырушылардың бірі бөлімшенің кәсіби одағы ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев.
Шахмат турнирінің қорытындысы бойынша, жүлделі 3-орынды Валерий Николаевич Зверев иеленсе, 2-орынды Асқар Тілеуқабылов алды, ал 1-орынды тәжірибелі ойыншы Аманжол Әлібеков қанжығасына байлады. Нәтжесінде осы жүлделі орындарды иеленген ардагердің үшеуі де Астана қаласында өтетін шахмат турниріне жолдама алды. Жүлдегерлерге бөлімше кәсіподағы атынан әзірленген бағалы сыйлықтар табысталды.
Сабырхан НӘДІРБАЕВ, Қызылорда
Суретті түсірген автор