«Ең қымбат жылдарым Қызылорда мен Шымкенттің арасында өтті...»
Интервью
28.10.2016, 13:01
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Шымкент жүк бөлімшесі» ЖТ филиалы мыңдаған шақырымға созылып жатқан, инфрақұрылымы дамыған ірі бөлімше. Оңтүстіктің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып отырған филиал соңғы бірнеше жыл қатарынан «ҚТЖ» ҰК» АҚ бойынша салалық жарыстың жеңімпазы атанып, жүлделі орыннан көрініп келеді. Бөлімше басшысы Е. Ерманов бәйгенің алдын бермеген бөлімшенің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері жөнінде әңгімелеп берді.
– Ермекбай Тілеуұлы, Тәуелсіздік алғалы бері аймақ темір жолы айтарлықтай дамығаны айтпасақ та түсінікті. Әйтсе де басты жетістік неде деп ойлайсыз?
– Аймақтағы он мыңға жуық теміржолшы қауымның қарбалас тірлігінің арқасында, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік дамып, кешенді сауда орталықтары еркін қанат жайып келеді. Егемендік алған ширек ғасырдағы Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық өсімінің ұлғаюына темір жол саласының үлесі орасан зор екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы ең үлкен және басты жетістік, 2003 жылы Өзбекстан теміржолына қарайтын Сарыағаш, Жылға, Дарбаза бекеттерінің Қазақстан темір жолына өтуі дер едім. Егемендік алған соң барлық мемлекет өз шекарасын белгілеп, меншігін түгендей бастады. Өзбек теміржолшылары біздің жерде орналасқан өздеріне қарасты бекеттердегі құрал-жабдықтарды алып кетіп жатты. Мысалы, Жылғадағы 26 жолдың бірқатарының рельс, шпалдарын сөгіп алып, тіпті трансформаторларға дейін қалдырмады. Осындай жағдайдан кейін біздің басшылық шұғыл шешім қабылдап, 2003 жылдың қыркүйегінде аталған төрт бекетті өзімізге қайтардық. 2005 жылдың желтоқсанында Сарыағашқа шекаралық бекет дәрежесі берілді. Әлгі қаңырап қалған жолдарды қайта жаңалап, ғимараттарды қалпына келтірдік. Міне, бүгінде шүкір, Сарыағаш шекаралық түйіспе бекет ретінде Орта Азияның жүк қақпасы ретінде жұмыс істеп келеді.
– Шекаралық бекет арқылы пойыздар қатынасы бүгінде қай деңгейде?
– Сарыағаш пен Өзбекстан арасында 2014 жылдары тәулігіне 17-18, отыз күннің төртеуінде 21 жұп пойыз қабылдап-жөнелтілетін. Бүгінде ол әлемдік экономикалық дағдарыс сынды жалпыға белгілі себеп-салдарларға байланысты 13-14 жұп пойыз шамасын құрап отыр. Экономикалық ахуалды ескерсек, бұл да жаман көрсеткіш емес. Әрине, проблемалы жайттар да жоқ емес. Станцияға келген вагондар тексерілу үшін үзіліп, қайта жалғану жұмыстары басты жолда атқырылатындықтан, тұйық жолдың қажеттілігі туындаған. Себебі, басында станция түйіспе бекет ретінде салынбағандықтан, қосымша жолдар қарастырылмаған. Сондықтан станциядан үш км жерден 700-800 метрлік сегіз жолдық қосымша парк жұмысы іске қосылуы жоспарланған. Одан кейін бір мезетте екі бағытқа 15 жұп пойыз қабылдап-жөнелтуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, станция кезекшілерінің қателесуіне жол бермейтін орталықтандырылған микропроцессорлық жүйе енгізілмек болған. Қаржылық дағдарысқа орай екеуі де кешеуілдеп қалды. Дегенмен, алдағы уақытта сөзсіз жүзеге асатын жобалар.
– Ал көршілер қарым-қатынасына байланысты не айтасыз?
– Сұрағыңызды түсіндім, жалпы, өндіріс болған соң, оның үстіне темір жолдағы ортақ ережелерден тыс әр елдің өздеріне ғана тән заңнамалары бар, сондықтан ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі ел теміржолшыларының кейде ортақ келісімге келе алмай қырғи-қабақ болып қалатыны жасырын емес. Екі ел теміржолшыларының бірнешеуі жұмыс талабына сай бір жерде, бір бөлмеде қызмет етеді. Одан бөлек, жүк вагондарын қарсы алып, тұрып қалған біздің пойыздарды жіберер кезде түсініспеушіліктер туады. Сондайда сарыағаштық теміржолшылар мәселені ушықтырмай, бейбіт түрде шешуге тырысатынын жоғары бағалаймын. Бізде қалжыңы мен шыны аралас, «Сарыағашта жұмыс істесең, еріксіз дипломат боласың» деген сөз осындайдан шыққан. Жалпы, қандай қиын кезеңдер туса да ғасырлар бойы сақталып келе жатқан көршілес екі елдің берік достығын сақтауда біздің шекарадағы теміржолшылардың үлесі зор екенін айта кеткім келеді.
– Екі жылдан бері аймақта ірі көліктік-логистикалық, сауда орталығының құрылысы жүруде. Бұл алып кешеннің іске қосылуы аймақты қалай дамытатынын болжай аласыз ба?
– «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймаққа кіретін Шымкенттегі көліктік-логистикалық орталықта «ҚТЖ» ҰК» АҚ назарында тұрған нысанның бірі – «Continental Logistics – Шымкент» ЖШС. Аумағы 35 гектар жер көлемін алып жатқандықтан, жалпы 92 гектар аумақта салынған жеті компанияның ең үлкені. Бұл кешен «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» халықаралық транзиттік автомагистралінің бойында орналасқан. Әуежайға екі, Шымкент – Самара автожолына 4 км жақын. Черноводск станциясы мен орталықтың арасына 2,1 км темір жол төселген. Қазіргі таңда тиісті қаржының кешігуіне орай құрылыс жұмысы біраз уақыт тоқтап тұрды, енді қарашадан бастап қайта жанданбақ. Сол қарқынмен жүріп кетсе орталықтағы теміржол Черновод станциясының №3 жолымен түйістіріліп, екі қойманың ортасынан өтіп, контейнерлік алаңға баратын 4 км теміржол төселеді. Бүгінде орталықтағы 144 Х 72 көлемді құрғақ және климатты екі қойманың ғимараты біткен. Болашақта қабырғалары ыстық-суыққа төзімді болса, еденнің астынан жылыту жүйелері салынады. Ет, сүт сынды тез бұзылатын өнімдерді сақтайтын тоңазытқыш пен мұздатқыш сынды жекелеген камераларға бөлінетін климаттық қойманың жұмысы 70 пайыз аяқталды. Ал, бірқалыпты температурада тұратын құрғақ қоймада қатар-қатар сөрелер қойылып, оған ұзақ мерзімге шыдайтын ауыл шаруашылық тауарлары салынып тұрмақ. Қазір сөрелері әкелініп, ішкі жұмысының 95 пайызы бітті. Оған қоса, 20 мың шаршы метрлік 92 Х 162 көлемдегі контейнерлік алаңды бетондау жұмысының 80 пайызы игерілді. Сонымен қатар, Сарыағаш, Жетісай, Түркістан қалаларында шағын көліктік-логистикалық орталықтар ашылады. Шымкенттегі орталық толық іске қосылғанда тәулігіне 36 вагон жүк тиеліп-түсірілуі, яғни жылына 350 000 тонна көкөніс, 197 500 тонна ет-балық өнімдері тасымалдануы жоспарлануда. Егер құрылыстың бірінші кезеңі аяқталып, қажеттілік туса осыған ұқсас тағы екі қойма салынатыны сөз болуда. Барлық құрылыс аяқталып, 4 қойма толық іске қосылғанда жүк айналымы жылына 2 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Әуежаймен келген жүк теміржол арқылы тасымалданса, көлікпен келген жүк әуежай арқылы жөнелмек. Әрі осындағы тауарды өткізетін жерде кедендік бақылау бекеті жұмыс істейтін болады. Алдымен, өзімізге тиімдісі, тауар өңірдегі қала, аудандардың сауда нүктелеріне тез әрі жылдам жөнелтіледі. Сонымен қатар, жергілікті өнімдерді ТМД елдеріне таратудан бөлек, әлемдік экспортқа шығаруға қолайлы мүмкіндік тумақ. Қысқасы, аймақта көліктік инфрақұрылым, сауда-саттықтың қалай дамитынын болжау қиын емес деп ойлаймын. Оңтүстіктің халқы, кәсіпкерлердің күтіп отырғаны да сол.
Тағы бір айта кететін жайт, өңірде тоқтап қалған ірі зауыт кешендерінің біразын облыс басшылығы индустриалды аймаққа айналдырды. Түркістан, Жылға, Темір, Бадам, Сайрам бекеттерінің жанында сол зауыттардың орнына көлік дөңгелегі, керамика, мотор майы, қара металл, пластикалық құбыр, жиһаз, қағаз сынды заттар шығаратын бірқатар кәсіпорындар, кіші битум зауыты ашылып жатыр. Текесу бекетінің қасындағы арнайы экономикалық аймақта мақта кластерін дамытатын кәсіпорындар іске қосылуда. Осы индустриалды аймақтың барлығы қасындағы бекет арқылы нарыққа шығаратын тауарларын тасымалдайды.
– Жаңадан ашылған Меңлібай бекетінің рөліне тоқталып өтсеңіз, бекет әлі бөлімше құрамына кірмепті...
– Тәуелсіздік алған соң көптеген кәсіпкерлер ісін дөңгелетіп, зауыт ашып, шағын және орта кәсіпті дамыта бастады. Темір жол арқылы өз тауарларын сыртқа шығарып, сырттан тауар әкеліп жатты. Шымкенттегі «Стандарт цемент» ЖШС 2014 жылдың жазынан бастап Састөбе станциясынан бес шақырым жердегі «Қазбетон» карьерінен қиыршық тас тасымалдауды қолға алды. Соған орай, осы маңдағы № 120 разъез қайта ашылып, Меңлібай болып өзгертіліп, станция ғимараты салынды. Карьер мен станция арасына жол салынып, бір жылдан бері зауытқа Меңлібайдан күн сайын 54 вагон тас жіберіліп отыр. Қазір бекеттегі он алты теміржолшы біздің штаттық кестеде жұмыс атқарады. Меңлібай – соңғы технологиялық құрылғылармен салынып жатқан еліміздегі екінші бекет. Келешекте бізге, яғни Шымкент бөлімшесіне берілетіні жоспарланып отыр. Шымкент – Түлкібас телімі «Неман» диспетчерлік орталығы жүйесіне жұмыс істейді. Әзірге жаңағы Меңлібай мен Қорғасын бекетінің станция кезекшілері орталықтандырылған микропроцессорлық жүйе (МПЦ) арқылы өндіріс аумағын бақылап отырады.
– Бір сұхбатыңызда Арыс, Қазығұрт, Текесу станцияларын бөлімшенің «жүрегі мен қан-тамыры» деп бағалапсыз. Ол түсінікті, дегенмен оңтүстікте өндірістің қарқынды дамуы басқа кішігірім станциялардың да бағын ашып жатқандай көрінеді...
– Ол рас, соңғы кезде бірқатар шағын станциялар жедел қарқынмен өсіп жатыр. Жақында тәулігіне 100 вагон артып, сонша вагон жүк түсіретін Қызылсай станциясы екіншіден бірінші класты станция қатарына көтерілмек. Өткен жылы 1401 вагонға жүк артылып, 7732 вагоннан жүк түсірген Манкенттің жұмысы көбеюде. Қасында индустриалды аймақ ашылған Бадамның да келешегі жақсарады. Түркістанның қиыршық тасы, Кентаудың трансформаторы, Мақтааралдың мақтасы, Састөбенің цементі мен әктасы, «Ордабасы құстың» өнімдері елімізбен қатар, шет елдерге жиі жіберіледі. Одақ кезінде дәуірлеген Шымкенттегі сыра, мұнай өңдеу, цемент зауыттары қазір де бөлімшенің негізгі жүк тасымалын арттыратын кәсіпорындарға айналған. Бұл тек ірі өндіріс ошақтары, мұның сыртында қаншама шағын және орта кәсіп иелері бар. Көпшілігі жылдан жылға тауар айналымдарын ұлғайтып, 3-4 класты бекеттеріміздің әлеуетін көтеруде. Оған 2015 жылдың басында Сарыағаш станциясы бірінші, Манкент екінші, ал Бадамның үшінші класты бекеттер қатарына көтерілгені дәлел бола алады.
– Жолаушы тасымалына қатысты, Шымкент – тоғыз жолдың торабы болған соң, соңғы жылдары Оңтүстікпен қоса Алматы мен Астананы байланыстыратын жүрдек пойыздар көбейіп отыр.
– Ол рас. 2013 жылдан бастап №35/36 «Алматы-2 – Шымкент», 2014 жылы маусымнан бастап «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған № 79/80 «Астана – Шымкент», №63-64 «Астана – Арыс» жүрдек пойыздары жүруде. Мұның алдында қатынайтын №85/86 «Сарыағаш – Астана» жолаушылар пойызына да халық бүгінде үйренген. Ол Астанаға 24-25 сағатта барса, «Астана – Шымкент» 15 сағат 35 минутта жетеді. Оңтүстіктің халқына еліміздің орталықтарына барудан қиындық туған емес. Екі-үш жыл төңірегінде Шымкент арқылы жаңадан ашылған «Қызылорда – Астана», «Атырау – Алматы», «Ақтөбе – Алматы» жолаушылар пойыздары жүре бастады. Бірақ, оңтүстікте халықтың өте тығыз орналасқаны сонша, қысы-жазы билет тапшылығы күн тәртібінен түскен емес...
– Ермекбай Тілеуұлы, көпшілік сізді теміржолмен біте-қайнасып ғұмыр кешіп келе жатқан тұлға деп таниды. «Құрмет» орденді теміржолшысыз. 26 қазанда ел ағасы атанар алпыс жасқа толдыңыз...
– Мен сол 1956 жылы Қызылорданың Сексеуіл бекетінде дүние келгем. Әкем Сексеуілде машинист болып, темір тұлпар тізгендеген соң шығар, мектеп бітірген соң мен де барып Қазалы темір жол училищесінде машинист көмекшісі мамандығын алып, алғашқы еңбек жолымды Ақтөбедегі Ембі бекетінде машинист көмекшісі болып бастадым. 1980 жылы Шымкент айналым локомотив депосында машинист көмекшісі, машинист, шебер, арасында бөлімшеде диспетчер сынды қызметтерді атқарып, 1995-1996 жылдары осы депоны басқардым. 1997 жылы Жамбыл, Қызылорда, Шымкент жол бөлімшелерінің негізінде құрылған «Түркістан темір жолы» бастығының Қызылорда аймағы бойынша орынбасары болып қызмет атқардым. Өндірістен қол үзбей жүріп, Алматы темір жол инженерлері институтын бітірген соң, ғылыммен де айналыстым. 2002-2010 жылдары Қызылорда бөлімшесін, ал 2010 жылдан бері Шымкент бөлімшесін басқарып келемін. Темір жолдағы ең қымбат жылдарым Қызылорда мен Шымкенттің арасында өтті десем болады.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Қарапайым ғана қазақтың отбасымыз, жарым, балаларым, Мырзахан, Дінмұхаммед, Абылай есімді үш немерем өсіп келеді. Өзім қатты сыйлайтын Абылай Мырзахметов пен Мырзахан Салықбаевтың құрметіне, солардай азамат болсын деп ырымдап едім, шүкір немерелерім сабақтарын жақсы оқиды, қазірдің өзінде аталарын жетістіктерімен қуантып жүр...
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет, мерейлі жасыңыз құтты болсын!
Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Новости
22.11.2024
КТЖ выявило хищение дизельного топлива на 16 млн тенге в депо Бесколь
Пассажирские перевозки
22.11.2024
Нацперевозчик объявил о скидках на железнодорожные билеты
Новости
22.11.2024
Железнодорожную инфраструктуру продолжают обновлять в Акмолинском регионе
Регионы
22.11.2024
Обучение первозимников ведут на предприятиях Семейского отделения ГП
Регионы
22.11.2024
Семинар-совещание по технике безопасности провели на станции Балхаш
Новости
22.11.2024
Около сотни руководителей линейного уровня путевого хозяйства прошли обучение в Астане
Новости
22.11.2024
Вопросы в области логистики и инфраструктуры обсудили на СВМДА в Астане
Грузовые перевозки
22.11.2024
Более 160 тысяч тонн зерна погрузили в ноябре в Костанайском отделении ГП
Новости / Архив
22.11.2024
Газета «Қазақстан теміржолшысы», №99 от 22 ноября 2024 года
Регионы
21.11.2024
Директор специализированного мостового отряда Канат Карбозов стал обладателем «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының құрметті қызметкері»
Регионы
21.11.2024
Экскурсию для подростков провели на железнодорожных предприятиях станции Илецк
Регионы
21.11.2024
Условный пожар потушили на станции Кушмурун
Новости
21.11.2024
Дноуглубительные работы досрочно завершили в порту Курык
Новости
21.11.2024
Новые инновационные технологии диагностики пути внедряют на железной дороге в Казахстане
Новости
21.11.2024
КТЖ расширит терминальную сеть в Европе
Грузовые перевозки
20.11.2024
Более 307 тыс. тонн зерна погрузили в ноябре в Акмолинском отделении ГП
Новости
20.11.2024
KAZAKH GRAIN & LOGISTIC FORUM 2024 пройдет в Астане
Новости
20.11.2024
Казахстан планирует развивать транспортно-транзитные коридоры в формате СНГ +
Регионы
20.11.2024
О мерах безопасности вблизи железной дороги продолжают напоминать учащимся школ и колледжей в Уральске
Интервью
20.11.2024
Об обеспечении безопасности на железной дороге рассказали ревизоры в ВКО