Ауыр салмақты пойыздар –  көрсеткішті жоғарылатуда

Интервью
07.11.2016, 18:54
Тәуелсіздік таңының 25 жылдығын семейлік сала қызметкерлері де зор табыспен қарсы алуда. Ширек ғасыр ішіндегі мол жетістік тек кәсіби қызметте ғана емес, ауқымды қоғамдық іс-шаралар бойынша да орын алуда. Бұл ретте Семей жүк тасымалдау бөлімшесінің теміржолшылары күллі Шығыс өңірі үшін серпін берген іргелі бастамалар көшбасында тұр. Жылдар белесіндегі осынау елеулі үлес жайлы бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев кеңірек әңгімелеп береді. – Марлен Кәрімұлы, семейлік теміржолшылар Тәуелсіздік мерейтойын қандай елеулі жаңалықтармен қарсы алғалы отыр? – Әрине, қазіргі экономикалық ахуал өндіріске жаңашылдықтарды молынан енгізіп, табысты еселеу мен үнем есебінен тиімділікті арттыруды міндеттейді. Бұл ретте бөлімшеміз бойынша атап айтуға тұрарлық шаралар бар. Тоқтала кетсек, бүгінде жүк айналымы артып, жоспар бойынша 236,5 млн тонна-км неттоға жетті. Сонымен қоса, Семей теміржолы бойынша жүк тиеу шарасы да айтарлықтай жоғары көрсеткішке жетіп, шығынның азаюы есебінен локомотив тартымдылығы ұлғайып отыр. Пайдалану көрсеткіші жоғары. Техникалық талаптар аясында жоспарға сай жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ, жолдың балдық көрсеткішінің жақсаруы ауыр салмақтағы пойыздарды жолға шығаруға себеп болып отыр. 1 қазан күні динамометриялық вагон жүріп өткен соң бөлімшедегі барлық пойыздардың салмағы жоғарылатылды. Мәселен, бүгінде Локоть пен Ақтоғай станциялары арасында Эволюшн тепловоздары салмағы 4500 болатын пойыздарды тасымалдауда. Осының есебінен локомотив паркі 3,1 бірлікке үнемделіп, экономикалық тиімділік 925 738,54 мың теңгені құрап отыр. Жыл аяғына дейін салмақ нормасын арттыру есебінен үнемделетін қаражат еселене түсетіні анық. Осынау жетістіктердің арасында ерекшелеп айтар бір жаңашылдық бар. Бүгінгі міндет – жүк тасымалын арттыру, қауіпсіз жеткізу ғана емес, жеделдік екендігі де белгілі. Бұл ретте Жаңа-Семей станциясынан республика бойынша тұңғыш рет жұптық негізде Шаттл пойызы ұйымдастырылды. Яғни, ЖШС «Аlmix» жүк жөнелтуші клиент үшін жеделдетілген тәртіпте жүк тиеп, Алматы – 1 бағытына жолға шығарылды. Жабық вагондағы жүк жоспарға сай, діттеген жерге әдеттегі мерзімнен бір тәуліктен аса уақыт бұрын жеткізілді. Тұжырымдап айтсақ, контейнерлік пойыздардың бағыттық жылдамдығын арттыру, станцияларға аялдау мерзімін қысқарту – жүкті бақылаудың барлық техникалық нормаларына сай келді. Жалпы, семейлік теміржолшылар биыл да жүк тиеу бойынша рекордтық көрсеткішті жаңартпақ ниетте. Өткен жылы да бұл тарапта көрсеткішті артығымен орындап, алдыңғы орыннан табылған болатынбыз. Бұл біздің ел Тәуелсіздігіне арнаған бірден-бір тартуымыз болмақ. – Бір сөзіңізде бұл жетістіктердің барлығы жаңа технологиялар нәтижесі екендігін айтып қалдыңыз... – Иә, бұл ретте жылжымалы құрамдар жылдамдығын арттыру, пойыздарды өңдеуді жеделдету бойынша бөлімшемізде соңғы жылдары елеулі жаңалықтар орын алып отыр. Ол үшін станциялардағы технологияларды қайта қарастырып, еңбек процесіне тың бағытта өзгерістер енгізілді. Соның бірі, өңделетін вагондарға кететін уақытты үнемдеу мақсатында үш топтық әдіс өндіріске енгізілді. Бұдан өзге де экономикалық тиімділік бар. Атап айтсақ, ауыр салмақты пойыздарды аялдамасыз жөнелту есебінен 1 045 188, 67 мың теңге кіріс кіріпті. Бұл тек бір ғана мысал. Қорыта айтқанда, бөлімше бойынша жаңашылдықтар есебінен еңбек өнімділігі артып отыр. Рас, дәл қазіргі күні 16 көрсеткіштің тек екеуі ғана өз деңгейінде орындалмай тұр. Алайда, жыл соңына дейін уақытымыз бар, межелі жоспарды діттеген мерзім ішінде орындаймыз деген сенімдемін. – Сіздің бастамаңызбен бөлімше бойынша «25 жылдыққа – 25 игі іс» атты акция қолға алынған болатын. Бұл акция аясында қандай шаруалар тындырылуда? «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көп болып биылғы жылдың өзінде 25 игі істің жүзеге асуына ұйытқы болдық. Көптеген станцияларда теміржолшылардың өз күштерімен жолаушылар платформалары жаңаланды. Желі бойындағы станцияларға да баса мән берілуде.  Тәуелсіздік мерейтойына даярлық аясында көркейту, күрделі жөндеу ісіне ден қойылып отыр. Қысқа даярлық шаралары аясында станциялардағы қызметтік өткелдер бетондалды. Сонымен қоса, жергілікті атқарушы билікпен, жол жөндеуші мекемелермен тығыз ымыраластық нәтижесінде қала ішіндегі барлық теміржол өткелдері жаңаланды. Яғни, аталмыш нысандар маңындағы автожолдар толықтай талапқа сай етілді. Мұның барлығы бірінші кезекте темір жол өткеліндегі қауіпсіздік шарасын сақтауға  оң ықпал етпек.     – Бөлімше бойынша теміржолшылардың 30 пайыздан астамын жаңа буын өкілдері құрайды екен. Жастар саясаты аясында қандай ілкімді істер қолға алынған? – Семейлік жастардың қоғамдық шараларда болсын, өз қызметінде болсын аса белсенді екендігі қуантады. Жалпы, Ұлттық компания бойынша жастар саясатын дамытудың арнайы бағдарламасы бар екендігі белгілі. Мәселен, біздің жастар 2016-2021 жылдар аралығы бойынша өткізілетін «Менеджмент-жобасы», «Болашақ басқарушылар», «Жас кәсіби маман» сынды оқу-инновациялық тренингтер ұйымдастырып, жаңа толқын көшбасшылығын қалыптастыруда елеулі табыстарға жетуде. Аталмыш шаралардың нәтижесі болар, Астана төрінде өткізілетін түрлі байқауларда да топ жарып жүр. Өткен жылы көңілді тапқырлар клубы сайысында бас жүлдені еншіледі. Бұдан өзге де мысалдар жетерлік. Жастар түрлі әлеуметтік акциялардың жүзеге асуына ұйытқы болуда.  Желі бойына шығып, шалғай станцияларға барып қайырымдылық шаралары, мерекелік кештер мен танымдық басқосулар өткізіп тұрады. Қандай да бір тың идеялар ұсынсақ, бірден дамытып әкетеді. Бір сөзбен айтқанда, өмірге құштар, өз мамандықтарын шексіз сүйетін, нағыз патриоттар. Тағы бір қуантарлығы, аға буын ардагерлер мен жастар арасында үлкен рухани байланыс орнаған. – Білуімізше, семейлік теміржолшылар аймақ бойынша елеулі қоғамдық шараларға бастамашы болып, қатысып жүрген сыңайлы... – Иә, бұл ретте жергілікті атқарушы билікпен тізе қосып, өңіріміз үшін, тұрғындар игілігі үшін бірқатар жаңашыл қадамдар жасадық. Мәселен, жылдар бойы қордаланып келген желі бойының тазалығын жүйелі жолға қойдық. Санитарлық шаралар аясында абаттандыру, көгалдандыру ісіне баса мән берілді. Семей өңірі қарағайлы орманымен мақтана алатынын білетін шығарсыз. Әлем бойынша қылқан жапырақты, жолақты орман тек мұхиттың арғы жағындағы Канада мен біздің аймағымызда ғана бар. Ал, Қызыл кітапқа енгізілген табиғаттың осынау байлығын қорғау, қалпына келтіру бойынша Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданған болатын. Біз, теміржолшылар осынау маңызы зор шараға үлес қосып, өз күшімізбен арнайы акция аясында 20 000 түп қарағай көшетін отырғыздық. Бұл игілікті іске әсіресе өнегелік мәні зор болуы үшін жастарды көбірек тарттық. Семей жерінде ғана өсетін жолақты қарағай шамамен 500-700 жылдай жасайды екен. Біз отырғызған жас өскіндер кейінгі буынға ел Тәуелсіздігінің осынау жылдарын, сындарлы кезеңін еске салып тұрар деген үміттеміз. – Әлеуметтік сала бойынша қандай қадау-қадау шараларды атар едіңіз? – Бұл орайда орындалған, оң шешімін тапқан көп жайтқа тоқталуға болар еді, алайда тек бір жайтты ғана баса атап өткен жөн. Бүгінде бөлімше бойынша 38 жол айрығы бар. Биыл соның 26-на балалардың ойын алаңқайлары салынды. Алғашқы болып ПЧ-39 мекемесінің директоры Рахат Ботаспаевтың тікелей атсалысуымен жолшылар Талды станциясынан осындай құрылыс тұрғызған еді. Аталмыш шараның тиімділігін, жол айрығындағы теміржолшылар қуанышын көріп, жалғастыруға шешім қабылдадық. Бұл бұрын-соңды Семей темір жолында болмаған жайт. Тағы бір мысал, көп балалы әрі тұрмысы төмен бірқатар отбасылары үшін материалдық көмек жасалынды. Киім-кешектен бастап, азық-түлікке дейін жеткізіліп берілді. Әсіресе, мүгедек балалары бар сала қызметкерлеріне дәрі-дәрмек алуға қаражат табыс етілді. Республикалық «Шын жүректен!» акциясы аясында бөлімше жастары елеулі қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Жарымжан жандарға адрестік көмек жасалды. Айта кетерлігі сол, дәл мұндай деңгейдегі жұмыстар бөлімшеде бұрын-соңды жүргізілмепті. Бөлімшеміз бойынша Алик Досанов жетекшілік ететін салалық кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен «Бал күлкі», «Жеңіс станциясы» сынды арнайы жобалар сәтімен жүзеге асырылды. Бұдан өзге қарттар күнін өткізу ісі де жаңашыл сипатқа ие болып, тың бағытта көрініс табуда. Мұның барлығына жастар да атсалысып, зор көмек көрсетті. Өңіріміздегі теміржолшылар өмірін жарқын ете түскен тағы бір жаңалық – көпшілік станциялар мен елді мекендерге таза ауыз су келді. Бұл ретте «Теміржолсу» АҚ бөлімшенің бірқатар станцияларында су модулдерін салса, кейбір станцияларда тіпті ғасырдан аса жасы бар су айдауыш мұнараларды қайта жаңғыртты. Нәтижесінде, теміржолшылардың ғана емес, жергілікті аудан тұрғындарының да ризашылығына кенелді. Жүзағаш сынды бірқатар шалғай станцияларда автоматтандырылған су-сорғы станциялар салынды. Сондай-ақ, соңғы 25 жыл бойы ауыз суды тасымалдап ішкен, қаланың ең проблемалы аудандарының бірі – желі бойындағы «666 шақырым» елді мекенінің тұрғындарына «Теміржолсу-Аягөз» ЖШС су құбырын үйлеріне дейін тартып берді. Сонымен қатар, біздің теміржолшылар салауатты өмір салтын бек ұстанып, спортпен белсенді шұғылдануда. Атап айтсақ, өткен жылдың қазан айында облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен, Курчатов қаласының әкімі Дегелең станциясындағы теміржолшылар үшін шаһар бюджеті есебінен көпфункционалды корт салып берді. Семей темір жолының 100 жылдығына сыйға тартылған, алып спорттық нысанның қызығын теміржолшы қауым көріп отыр. Футболға, баскетбол мен волейболға құмар теміржолшы жастардың ғана емес, аға буын өкілдерінің де саны күрт артты. Бізде тіпті, зейнет жасындағы ардагерлер арасында да тұрақты түрде спортпен шұғылданатындар көп. Спорттағы жетістіктеріміз де қомақты. Мысалы, биыл теміржолшылар бөлімше тарихында тұңғыш рет қалалық спартакиаданың бас жүлдесін еншілеп, шаһар чемпионы атанды. Ал мини-футбол, үстел теннисі, шахмат ойындары бойынша бөлімше спортшылары Ұлттық компания бөлімшелері арасында ұйымдастырылатын республикалық сайыстарда  жеңімпаз атанып жүр. Мұның барлығы ел тәуелсіздігінің арқасында ел теміржолшыларының ерен еңбегінің жемісті нәтижесі деп білеміз. Әңгімеңізге рахмет, еңбектеріңіз жана берсін!

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей

   
Новости
22.11.2024
КТЖ выявило хищение дизельного топлива на 16 млн тенге в депо Бесколь
Пассажирские перевозки
22.11.2024
Нацперевозчик объявил о скидках на железнодорожные билеты
Новости
22.11.2024
Железнодорожную инфраструктуру продолжают обновлять в Акмолинском регионе
Регионы
22.11.2024
Обучение первозимников ведут на предприятиях Семейского отделения ГП
Регионы
22.11.2024
Семинар-совещание по технике безопасности провели на станции Балхаш
Новости
22.11.2024
Около сотни руководителей линейного уровня путевого хозяйства прошли обучение в Астане
Новости
22.11.2024
Вопросы в области логистики и инфраструктуры обсудили на СВМДА в Астане
Грузовые перевозки
22.11.2024
Более 160 тысяч тонн зерна погрузили в ноябре в Костанайском отделении ГП
Новости / Архив
22.11.2024
Газета «Қазақстан теміржолшысы», №99 от 22 ноября 2024 года
Регионы
21.11.2024
Директор специализированного мостового отряда Канат Карбозов стал обладателем «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының құрметті қызметкері»
Регионы
21.11.2024
Экскурсию для подростков провели на железнодорожных предприятиях станции Илецк
Регионы
21.11.2024
Условный пожар потушили на станции Кушмурун
Новости
21.11.2024
Дноуглубительные работы досрочно завершили в порту Курык
Новости
21.11.2024
Новые инновационные технологии диагностики пути внедряют на железной дороге в Казахстане
Новости
21.11.2024
КТЖ расширит терминальную сеть в Европе
Грузовые перевозки
20.11.2024
Более 307 тыс. тонн зерна погрузили в ноябре в Акмолинском отделении ГП
Новости
20.11.2024
KAZAKH GRAIN & LOGISTIC FORUM 2024 пройдет в Астане
Новости
20.11.2024
Казахстан планирует развивать транспортно-транзитные коридоры в формате СНГ +
Регионы
20.11.2024
О мерах безопасности вблизи железной дороги продолжают напоминать учащимся школ и колледжей в Уральске
Интервью
20.11.2024
Об обеспечении безопасности на железной дороге рассказали ревизоры в ВКО