Жаз – демалыс маусымы. Соған орай темір жол көлігін пайдаланушы жолаушылар саны да күрт өсетіні белгілі. Осы маусымдық себептерге байланысты қосымша пойыздар шығатыны қалыпты жағдай.
Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында бұл жолы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы 3 маусымнан бастап Ақтөбе – Атырау бағытында қосымша №102/101 жүрдек пойызын шығармақ.
Бұл жағымды жаңалық екі облыс халқына да оңынан болғалы тұр. Өйткені бұл бағытта билеттердің тапшы екені көптен белгілі мәселе.
–Екі араны жол қылатын атыраулық және ақтөбелік тұрғындар көп. Біріншіден, мұнайлы өлкеге жұмысқа, атап айтқанда жалақысы көп мұнайшылық жұмыстарға вахтамен қатынайтын ақтөбе халқы. Орташа айлық жоғары болғандықтан ол жаққа қатынайтындар артқан. Ал керісінше, Ақтөбеге болса, білім алуға келетін жастар да осы бағыттағы пойыздардың тұрақты жолаушылары. Сондықтан жаңа пойыздың қосылуы өте дер кезінде жасалған шаруа дер едім, – дейді Ақтөбе тұрғыны Әсет Жомарт.
Қоғамның баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл пойыз «СВ» класты 14 вагоннан құралған және аптасына бір рет қатынайды. Пойыздар Атырауға дейін 12 сағат 13 минут, Ақтөбеге дейін 11 сағат 38 минут жүреді. Жүрдек пойыз Ақтөбе станциясынан аптаның әр жұмасында кешкі 21 сағат 10 минутта жолға шықса, керісінше, Атырау станциясынан 22 сағат 5 минутта аттанады.
Райхан Рахметова
Астана