Қазақстан Көлік аптасы шеңберінде өткен «New Silk Way» бизнес-форумы аясында «Еуразия дәліздері: интеграция модельдері және өсу нүктелері» тақырыбындағы панельдік сессияда Еуразияның біртұтас көлік кеңістігін құру мүмкіндіктері мен алғышарттары сөз болды.

Сессия спикерлерінің бірі «KTZ Express» АҚ бас директоры Айбек Қапар Қазақстан Азияны Еуропа және Таяу Шығыс елдерімен байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық хабқа айналып отырғанын, осы ретте «KTZ Express» – мультимодальды тасымалдарды қоса алғанда, жүк тасымалы нарығындағы жетекші операторлардың бірі екенін мәлімдеді. Ол Қазақстан арқылы өтетін Еуразияның көлік дәліздеріне ұзақ мерзімді перспективада қандай факторлар негізгі бәсекелестік артықшылық береді деген модератор сауалына ең алдымен Еуразияның көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігі туралы сөз қозғағанда, олардың дамуына негіз болатын басты фактор – тұрақты жүк ағынының болуын ескеру қажеттігін атап өтті.  

– Бүгінде жүк жөнелтушілер ең тиімді логистикалық шешімді таңдау кезінде ең алдымен төрт негізгі өлшемге назар аударады: тасымал құны, жеткізу мерзімі, оның болжамдылығы және сенімділігі. Бірінші, тасымал құнына келсек, жүк жөнелтуші үшін бүкіл маршрут бойындағы жеткізу құнының бәсекеге қабілетті болуы аса маңызды. Сондықтан біз әріптес елдердің теміржол әкімшіліктерімен және логистикалық операторларымен тарифтік саясатты келісу, сондай-ақ тарифтік шарттардың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Біздің мақсатымыз – клиентке жекелеген тарифтер жиынтығын ұсыну емес, жүкті жөнелту пунктінен соңғы межелі орынға дейін жеткізудің түсінікті әрі бәсекеге қабілетті құнын қамтамасыз ету. Екінші, жеткізу мерзімі. Теміржол бағыттарының бәсекеге қабілеттілігі көп жағдайда жүкті теңіз көлігімен салыстырғанда жылдамырақ жеткізу мүмкіндігіне байланысты. Бұл ретте жекелеген учаскелердегі қозғалыс уақытын қысқартумен ғана шектелуге болмайды. Шекаралық өткелдердегі ресімдерден бастап, терминалдардағы өңдеу жұмыстарына, порттардағы жүк ауыстырып тиеуге және теңіз учаскелеріне дейінгі бүкіл логистикалық тізбекті оңтайландыру қажет. Осы міндетті шешу үшін серіктестерімізбен бірлесіп, кешенді әрі бүкіл маршрутты қамтитын логистикалық сервистерді дамытып келеміз. Соның бір мысалы – Транскаспий халықаралық көлік бағдары. Осы бағыт бойындағы тасымалдарды үйлестіру мақсатында Қытай, Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржол әкімшіліктері бірлесіп Middle Corridor Multimodal кәсіпорнын құрды. Оның қызметі бірыңғай мультимодальды сервисті қалыптастыруға, тасымал шарттарын келісуге және маршрутқа қатысушылардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған. Осындай тәсіл «ОТЛК ЕРА» АҚ қызметінде де қолданылады. Компания Еуразияның теміржол бағыттарында тұрақты контейнерлік тасымалдарды ұйымдастырады. Осылайша, біз жекелеген инфрақұрылым учаскелерін дамытудан бүкіл тасымалды бірыңғай логистикалық үдеріс ретінде басқаруға көшіп келеміз. Үшінші, тасымалдың болжамдылығы мен сенімділігі. Яғни бизнес үшін жүкті жылдам жеткізу ғана емес, оның межелі пунктке нақты қашан жететінін алдын ала білу де маңызды. Сондықтан біз тұрақты контейнерлік сервистерді дамытуға, пойыздар қозғалысының кестесін келісуге, теміржол, терминал және теңіз операторларының жұмысын үйлестіруге ерекше көңіл бөлеміз. Сонымен қатар логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, тасымал үдерісіне қатысушылар арасында ақпарат алмасуға, жүктерді қадағалауға және көлік құжаттарын электронды түрде рәсімдеуге мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді дамытып келеміз. Түптеп келгенде, біздің міндетіміз – жүк жөнелтушіге жеткізу тізбегінің барлық кезеңінде болжамдылықты қамтамасыз ету және белгіленген мерзімдерге сүйене отырып, өз қызметін жоспарлауға мүмкіндік беру, – деді Айбек Қапар.