«Қазақстан темір жолы» АҚ 2026 жылы бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында екі жаңа теміржол желісінің құрылысы, бірнеше учаскеде автобұғаттау жүйесін іске қосу, сондай-ақ екі ірі теміржол учаскесін жаңғырту бар, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Қазіргі уақытта ұзындығы 300 шақырымнан асатын Мойынты – Қызылжар теміржол желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Жоба тасымалдау қашықтығын 149 шақырымға қысқартып, Мойынты – Жарық учаскесіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл ұзындығы 127,6 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісін іске қосу жоспарланған. 

Жоба аясында Өзбекстанмен қосымша бағыт құру көзделген. Бұл халықаралық тасымал ауықымын кеңейтіп, қолданыстағы бағыттарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа теміржол желілерін салумен қатар, «ҚТЖ» қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асырып жатыр. Жұмыстар жалпы ұзындығы шамамен 3 мың шақырым болатын стратегиялық маңызды жеті бағытты қамтиды. Олардың қатарында экспорттық және транзиттік тасымалдарды дамытуда маңызды рөл атқаратын Алтынкөл – Жетіген және Маңғыстау – Бейнеу учаскелері бар.

Сонымен қатар, бес учаскеде: Қызылжар – Сексеуіл, Тобыл – Қандыағаш, Шалқар – Бейнеу, Ақсу – Жаңа Семей және Никельтау – Әлімбет бағыттарында цифрлық автобұғаттау жүйелері енгізіліп жатыр. Аталған жобалар бойынша негізгі жол жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта сигнал беру жүйелері бойынша іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.

Аталған жобалар жаңғыртылатын учаскелердің өткізу қабілетін орта есеппен 1,5 есе арттыруы тиіс. Бүгінгі таңда жалпы жұмыс көлемінің 79%-ы орындалған.

Келесі жылға жоспарланған тағы бір стратегиялық маңызды жоба – ұзындығы 303 шақырым болатын Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы. Жоба аясында Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткелін салу көзделген және ол екі ел арасындағы көлік дәлізінің өткізу қабілетін әрі қарай арттыруға бағытталған.

Жаңа желілерді салумен қатар, қолданыстағы теміржол желісін жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2023–2029 жылдарға арналған бағдарлама аясында 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланған.