Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Көне шаһар қақпасы қайта түледі
Оқуға 2 мин
«Ер түріктің бесігі» деп танылатын көне Түркістан қаласының бас қақпасы – теміржол вокзалы да ғасырдан асқан жасы бар тарихи нысан. Соңғы он бес жылдықтан бірінші рет күрделі жөндеуден өткен ғимарат бүгінде қайта түлеген.
Түркістан вокзалына 2000 жылдан кейін күрделі жөндеу 2014 жылдың қазанында басталып, 2015 жылдың соңында аяқталды. Шаһар қақпасының сырты және ішкі келбеті едәуір жаңаруымен қатар жолаушыларға лайықты жағдай жасалыпты.
Көзге алғаш түскені күту залы болды. Орындықтар тұтас жаңаланып, әрі қатары көбейген. Сондай-ақ, вокзал қалалық орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, вокзал қызметкерлері мен жолаушылар бұрынғыдай суықтан қалтырып, өт жағып әуре сарсаңға түспейді.
Вокзал бастығы Айдарханов Байдәулетовтің айтуынша, ғимаратқа жөндеуді алматылық «Юг Бизнес Строй» құрылыс компаниясы жүргізген. Перрондары жаңаланып, сыртқы алаңына асфальт төселген. Оған қоса Ана мен бала бөлмесі ашылып, мүгедек жандарға қажетті қоларба алынған.
Жолаушылар үшін бұл вокзалдың маңызы жоғары. Түркістанмен қатар Кентау қаласының, екі ауданның халқы осы жерден сапарға шығады. Оған студенттерді, туристерді қосқанда, осы жылдың он айында, мысалы 90 831 жолаушы қатынаған. Вокзалдың ішінде екі, сыртта жекеменшік төрт, Кентауда тағы екі касса жұмыс істейді. Сонда тәулігіне орта есеппен 500-600 жолаушы келіп-кетеді. Жылына екі-үш рет 6-8 вагон туристер пойызы тоқтап, 4-5 сағат аялдап, әрі қарай Ташкент, Самарқанд, Ашхабадқа саяхатқа аттанады екен.
Көне шаһардағы ІІ дәрежелі вокзал ғимараты мемлекеттің қарауында. Ал, әкімшілік құрылымы жаңа жылдан бастап Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің құрамына өтпек.