Астанада «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлерімен ең маңызды және өзектітақырыптардың бірі – отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу және отбасылық жанжалдардың алдын алу бойынша түсіндірме әңгіме өткізілді, деп хабарлайды Rail-news.kz. 

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі түрде шаралар қабылдануда. Мәселен, 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдау туралы заң қабылданды. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл, орташа және ауыр зиян келтіргені үшін қазір әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазалар қатаңдатылды және тараптардың татуласуы алынып тасталды. 

2025 жылдың қаңтар айынан бастап барлық полиция бөлімшелерінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды.  Оның негізгі міндеттері – зорлық-зомбылық жағдайларын ерте анықтау, бақылау және жедел әрекет ету, жәбірленушілерге психологиялық және құқықтық қолдау көрсету, агрессорларды бейәлеуметтендіру және т. б.

Елордалық теміржолшылармен кездесу барысында жаңа бөлімшенің өкілдері – Астана қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Алмагүл Исмағұлова және Есіл ауданы ПБ қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Жанар Молдабаева заңнамадағы өзгерістер, қорғаудың жаңа нысандары және мұндай бұзушылықтардың жолын кесу туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 

- Өткен жылы осы бағытта үлкен жұмыс атқарылды.  Қылмыстық кодекске жаңа 115-1 – бап – «Сталкинг» енгізілді. Заңсыз қудалау, физикалық зорлық-зомбылықсыз психологиялық қысым үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Егер сталкинг зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер басқа баптар бойынша қосымша сараланатын болады, - деді Алмагүл Исмағұлова.

Ол жаңа нормалар ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасқа ғана емес, басқа жақын туыстарына да қатысты екенін түсіндірді. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың шамамен 70% ішімдік салдарынан болады. Себептерге басқа да тәуелділіктер, қаржылық және әлеуметтік мәселелер де сеп болып табылады.