Республика күні мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 20 жылдығына орай «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС Қызылорда-ЖТ филиалының ұжымы отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар мекемесіндегі тәрбиеленуші балаларға қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
«Samruqnama: 20 игі іс» республикалық қайырымдылық акциясы игіліктің үлкен көрінісіне айналды. Бұл күні бөлімше теміржолшыларының арасында қайырымдылық жасаудан шет қалған жан болмады. Әркім өз қолынан келгенше үлесін қосып, балалардың жүрегіне қуаныш ұялатуға асықты. Теміржолшылардың бірі ойыншық, бірі балалардың сүйікті тәттілерін, ал енді бірі жеміс-жидек себеттерін дайындады.
«Атамекен» балалар үйінің шаңырағын аттаған теміржолшылар балаларға тек сыйлықтар мен тәттілер ғана емес, нағыз ертегі әлемін сыйлады. Бөлімше директорының орынбасары Аслан Жумеков бастаған азаматтар балалардың бос уақытын көңілді өткізуін ойластырып, сүйкімді ертегі кейіпкерлерінің кейпіне енген аниматорларды да бірге ерте келіпті.
Бүлдіршіндердің қуанышты күлкісі мен шаттана соққан алақандарынан артық бақыт жоқтай. Мейірім мен махаббат, жүректен жүрекке жеткен жылулық үлкенді де, кішіні де қуанышқа бөлеп, теміржолшылар алдағы уақытта да қайырымдылық дәстүрін жалғастырып, атамекеннің жиі қонағы болуға дайын екендерін жеткізді. Балалар да өз кезегінде арнайы дайындаған сахналық қойылымдары мен өнерлерін көрсетіп, қонақтарды риза етті.
– Бүгінгі акция – біздің ұжымның кезекті қайырымдылық шарасы. Балаларға қызық пен қуаныш сыйлап, маңдайынан сыйпау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан акцияға бөлімше теміржолшыларының барлығы түгел атсалысты. Бөлімшенің кәсіподақ ұйымына рахмет, ұйымдастыру шараларын белсенді атқарып, акцияның басы-қасында жүрді. Балаларымызды жиі қуанта берейік, – дейді Аслан Жумеков.