«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ғылыми жобаларын қолдауға арналған қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. «Жәрмеңке – ғылыми жобалар» атты игі шараға теміржолшылар белсенді атсалысып, жас өнертапқыштардың тың бастамаларына қолдау көрсетті.
Жәрмеңке сөрелерінен жеміс-жидек, көкөніс, үй жағдайында дайындалған түрлі тағамдар мен қолдан жасалған бұйымдар және кітаптар орын алды.

– Бұл жәрмеңкені балалардың ғылыми жобаларын қолдау мақсатында ұйымдастырдық. Әріптестеріміздің бірі қажетті өнімдерді сатып алса, енді бірі өз қолымен түрлі тағамдар мен бұйымдар дайындады. Осылайша, игі дәстүрді жалғастырып, балалардың болашағына өз үлесімізді қосуды жөн көрдік, – дейді корпоративтік қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Жаңа жобалар құрылысы дирекциясы» филиалына қарасты жобаларды үйлестіру және дамыту департаментінің бас менеджері Сағира Ұзақбаева.

Жәрмеңкеден түскен қаражатты ұйымдастырушылар «Жайлы түзету мектебі – Қалима Бегалы атындағы университет» жанындағы «Инклюзивті инжиниринг – АR – AI» ҒЗИ-ға аударып, институттың жас өнертапқыштары әзірлеп жатқан жобаларды дамытуға бағытталмақ. Бұл мектептің тәрбиеленушілері қазір сала үшін бірегей және маңызды жоба жасап жатыр. Солардың бірі – AR-AI Rail CleanBot роботтандырылған платформасы. Ауа жастықшасы негізінде жұмыс істеуге арналған құрылғы теміржол шпалдарының арасындағы қиыршық тастарды тазалауға бағытталған. Жобада жасанды интеллект, бейнеталдау және сенсорлық бақылау технологияларын қолдану көзделген.

– Біздің мақсатымыз – ерекше балалардың қабілетін ашып, олардың ғылыми ізденістеріне жол көрсету. Әр баланың өз таланты бар. Сол мүмкіндікті дамытуға жағдай жасауымыз қажет, – деген жобаға жауапты дирекцияның бас маманы Гүлшат Омарханқызы, ғылыми-зерттеу институты Жаңа жобалар құрылысы дирекциясының басшысы Айдос Жакеновке үлкен алғыс айтып, ризашылығын білдіріп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, жәрмеңкеде сатылған өнімдердің төлемі тікелей білім беру ұйымының есепшотына аударылды. Теміржолшылардың бұл бастамасы қайырымдылық пен ғылымды ұштастырып, жас өнертапқыштардың болашағына жасалған маңызды қадам болды.