Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Көпір пайдалануға берілді
Оқуға 2 мин
Шымкентте темір жол үстінен өтетін көпірдің бір бөлігі ашылды. Яғни станцияның 23 жолымен түйісетін Қапал батыр көшесіндегі автокөлік өткелінің екі жолақты бөлігі пайдалануға берілді.
Жалпы құны 1 млрд 142 млн теңгеге бағаланған аталған көпірдің осы бөлігіндегі құрылыс 95 пайызға аяқталған. Қазіргі таңда құрылысқа жұмсалатын қаржының 689 млн теңгесі игерілген. Бір бөлігін болса да ашу халықтың сұранысынан кейін қолға алынған. Себебі, екі ортада күн ұзақ жаяу жүріп қатынаған жұртшылық қиналғанын биліктегілерге жеткізген екен.
Өткелдегі күрделі жөнделген аумақтың ұзындығы 170 метр болса, кіре беріс ұзындығы 253 метрді құрайды. Себебі жобаға сай көпір екі есе ұзарған.
– Автожол өткелі темір жолымен қиылысқандықтан, жөндеуге теміржолшылармен келісіп жиі толаскез алып тұрдық. Бұл көпірдің ұзақ уақыт қалпына келуінің бір сыры осында. Ал салынған асфальттың жабындысы үш қабатты болды. Астыңғысы 12 см, екіншісі 10, үшіншісі 6 см. Көпірдің үстіне 7 см асфальт-бетон түсті. Екі жолақты екінші бөлікті қарашада тапсырамыз, – дейді «Береке А» корпорациясының бас инженері Тәңірберген Сүлейменов.
2014 жылдың күзінде басталған құрылыс жұмыстары толығымен қарашада бітпек. Соңғы жылдары тәулігіне 30 мың түрлі көлікті өткізіп тұрған көпірдің мүмкіндігі ендігі жерде бұдан да жоғары болмақ. Жаңа жобадағы өткелдің 1,5 метрі жаяу жүргіншілерге арналған. Сондай-ақ, екі жағы екі метрлік биік темір шарбақтармен қоршалған.