ҚТЖ құрамасы – үш дүркін чемпион!
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Тамыздың 8-10 аралығында «Самұрық-Қазына» АҚ XI Спартакиадасы өтті. Елорданы дүбірге бөлеп, еліміздің ірі компаниялары арасында өткен жылдың ең басты спорттық мерекесі өз алаңында ең мықты спортшыларды жинап, корпоративтік рух пен жеңіске деген ерік-күштің жарқын үлгісін көрсетті. 19 команда арасында үш күнге созылған сайыста ҚТЖ құрамасы қатарынан үшінші жыл Спартакиада Кубогын жеңіп алды.
Дәстүрлі спартакиадаға биыл еліміздің барлық өңірлерінен 1500 адам қатысып, классикалық олимпиадалық спортты да, ұлттық ойындарды да үйлестіретін 14 спорт түрі бойынша сайыстар өтті. Сонымен қатар қазіргі заманғы трендтерді: арқан тарту, армрестлинг, асық ату, бес асық, баскетбол, волейбол, киберспорт, жеңіл атлетика, волейбол, үстел теннисі, жүзу, садақ ату, тоғызқұмалақ, футзал және шахматты қамтыды. Биыл спартакиада ойындарына жеңіл атлетика бірінші рет енгізіліп отырғанын да атап өткен жөн.

– Бұл спартакиада жай ғана спорттық дода емес. Бұл – ауқымды жарысқа қатысушы компаниялардың корпоративтік рухы, командалық ұйымдасуы, ерік-жігері және салауатты өмір салтын ұстануы сияқты басты қасиеттері сынға түсетін сәт. Қор үшін спортты дамыту – корпоративтік мәдениеттің ажырамас бөлігі әрі топтың әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бағыттарының бірі. Біз спорт инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салу арқылы бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдаймыз, қызметкерлеріміз бен ел тұрғындары үшін салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасаймыз, – деді Спартакиаданың ашылу рәсімінде «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов.
Атап өтерлігі, бұл спартакиадада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрамасына ерекше назар аударылуда. Өйткені соңғы екі жылда ҚТЖ командасы спартакиаданың жеңімпазы болды. Биыл да теміржолшылар мүмкіндігінше батыл қимылдап, чемпиондық атағын қайта қорғау үшін жаңа шыңдарды бағындыруға барын салды.

Бұл жылы спартакиадада болат магистральдың абыройын 88 үздік теміржолшы-спортшы қорғады. Компания шынымен қуатты, біртұтас және географиялық жағынан ерекше команда жинады. Оның құрамына Астана, Алтынкөл, Орал, Қарағанды, Екібастұз, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Өскемен, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы және Семей сияқты республиканың түкпір-түкпірінен негізгі теміржол кәсіпорындарының, станциялары мен филиалдарының өкілдері кірді.
Сонымен қатар сүйікті командаларына қолдау көрсету үшін ҚТЖ және оның еншілес кәсіпорындары мен құрылымдық бөлімшелерде еңбек ететін жүздеген жанкүйерлер спартакиада ойындарының сәнін кіргізген көрермендер болғаны анық. Қолдарына ҚТЖ логотипі бейнеленген жалаушалар мен шарларын бұлғап, дауылпаздарын қағып қошемет көрсеткен жанкүйерлер спортшылармен бірге өнер көрсеткендей әсер қалдырды.

ҚТЖ ҚОРЖЫНЫНДА АЛҒАШҚЫ АЛТЫН
ҚТЖ-ның алғашқы алтын медалін жүзуден өткен эстафетада теміржолшы-жүзушілер сыйлады. Олар – Әнел Жеңісқызы («KTZ Express» АҚ «KTZE Батыс» филиалының Ақтөбе қаласындағы агенттігінің диспетчері); Татьяна Алимина («ҚТЖ» ҰК» АҚ Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы (АДЦД) филиалының Талдау және әзірлеу департаменті бас менеджері); Константин Лимаренко («KTZ Express» АҚ «KTZE Оңтүстік» филиалының Достық станциясындағы агенттігінің диспетчері) және Геннадий Гордиенко («Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы «Экспресс» филиалы Астана учаскесінің жабдықтаушысы) еді. ҚТЖ командасы 4×50 метр еркін стильдегі эстафетада тамаша өнер көрсетті.

Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің бас менеджері Сағат Қабиев 40-44 жас санатында өнер көрсетіп, қарсылыстарын су жолында «шаң» қаптырып, алтынды жұлып алды. «Сайысқа түскен жүзушілердің бәрі де шетінен акулалар екен. Жеңіске жету үшін барымды салдым. Бұл менің ғана емес, компанияның жеңісі», – дейді Сағат.
«KTZ Express» АҚ-ның «KTZE Оңтүстік» филиалы Достық агенттігінің диспетчері Константин Лимаренко да 30–34 жас санаты бойынша жүзуде барлық қарсыластарын айқын басымдықпен артта қалдырып, тағы бір алтын медаль сыйлады. Жан-жақтан қаумалаған жанкүйерлер қуанышында шек болмады.
ҚТЖ арулары да шет қалмады, әйелдер арасындағы жүзуден Спартакиадада екінші орынды еншіледі. Әйелдер арасындағы жарыста Татьяна Алимина ҚТЖ қоржынына күміс медаль салды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалында Аналитика және әзірлеу департаментінің бас менеджері болып жұмыс істейтін ол 50+ жас санатында тамаша өнер көрсетті. Ал 40–44 жас санатындағы тартысты бәсекеде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «Қарағанды» ТЧЭ-14 өндірістік-техникалық бөлімінің 1-санатты инженері Радзевич Ирина Сергеевна ҚТЖ құрамасының қоржынына тағы бір күміс медаль салды. 25–29 жас санатындағы тартысты әрі күрделі бәсекеде «KTZE Батыс» Ақтөбе қаласындағы KTZE агенттігінің диспетчері Әнел Жеңісқызы санаулы секундқа ғана кешігіп, жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді. Осылайша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрамасының қоржыны тағы бір күміспен толықты.

БІЛЕК КҮШІ БӘСЕКЕСІ
Білек күші мен қайратты, ең бастысы темірдей мінезді талап ететін жарыс түрі арқан тарту болды. Білекті жігіттер Спартакиада жеңімпазы болуға барын салды. Бірнеше шағын топтарда әр команда топ жарып шығуға тырысты. Финалға шыққан төрт команданың арасынан теміржолшылар да табылды. Қарсыластарынан басым түскен болат жолдың балуандары финалда «Қазмұнайгаздың» білектілерімен бәсекеге түсті. Бұл бірінші орынға таласқан шешуші тартыс еді. Атап өтерлігі, ҚТЖ командасының қарсыластары жыл сайын үздік үштіктің арасынан табылып жүрген тәжірибесі мол команда еді. Теміржолшылар арқан тартуда біртұтас әрі үйлесімді тетік ретінде әрекет етіп, соңына дейін күресіп бақты. Әттеген-ай, бап шаба ма, бақ шаба ма демекші, біздің жігіттер мұнайгаздықтарға есе жіберіп алып, екінші орынды місе тұтты. Күміс жүлде де жаман емес деп жұбаттық өзімізді.

АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСТІ
XI Спартакиада шеңберінде олимпиада ойындарымен үйлесім тапқан ұлттық ойындар қатарындағы асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас, садақ ату сайыстарында да теміржолшылардың мерейі үстем болды. Ұлттық спорттың қай түрі болмасын қатысушылардан мергендікті, дәлдік пен есепті және салқынқандылық пен сабырлылықты талап етеді.
Міне, бұл ойындарда ҚТЖ өкілдері жоғары шеберлік пен сенімді ойын үлгісін түрін көрсетіп, ұлттық спорт дәстүрлеріне деген құрметін лайықты өнерлерімен дәлелдеді. Дәстүрлі садақ атудан теміржолшылар атынан жарысқа қатысқан Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің Жаңаөзен станциясы бойынша кезекшісі Самал Зұлпыхаров пен Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі Шоқпар жол дистанциясының инженер-электроншысы Махаббат Назарова көрерменге керемет әсерлі ойын сыйлап, риза қылды.

Тоғызқұмалақтан «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы «Қала маңы тасымалы» Қарағанды учаскесінің машинист көмекшісі Әли Исабековтің асығы алшысынан тұрды. Гроссмейстерлік деңгейдегі шеберлігі мен комбинацияларды мінсіз есептей білетін қабілетін және темірдей төзімділігін көрсеткен Әли спартакиада алтынын алды.
Ал «Кедентранссервис» АҚ Астана қаласы және Ақмола облысы бойынша филиалының жүк-багаж қабылдап-тапсырушысы Айжан Серікова тоғызқұмалақтан үшінші орынды иеленіп, ҚТЖ қоржынына қола медаль салды. Қазақтың дәстүрлі ұлттық спорты – асық ату ойыны ептілікпен қатар терең стратегиялық ойлауды да талап етеді. Болат магистраль өкілдері матчтардың ең тартысты сәттерінде де жоғары деңгейдегі зейін мен шоғырлануды сақтай білетіндерін айқын дәлелдеді. Бұл ойында «Тасымалдау процесі дирекциясы» филиалына қарасты Екібастұз ВЧДЭ вагон қараушысы Қайраш Аханов тамаша нәтиже көрсетіп, күміс медаль иеленді.
