Бегимов Ерлан Курбаналиевич
Бегимов Ерлан Курбаналиевич
Түркістан локомотив пайдалану депосы шұғыл техникалық есепке алу орталығының бастығы
1986 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Арыс қаласындағы темір жол колледжінде білім алды, 2009 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тәмамдады.
Жұмыс тәжірибесі
Тепловоз машинист көмекшісі, Түркістан локомотив пайдалану депосы 2006–2012ж.;
Тепловоз машинисті, Түркістан локомотив пайдалану депосы, 2012 – 2019ж;
Жылу техникасы жөніндегі инженер, Түркістан локомотив пайдалану депосы, 2013-2014ж.;
Депо кезекшісі, Түркістан локомотив пайдалану депосы, 2019ж;
Машинист нұсқаушы, Түркістан локомотив пайдалану депосы, 2019-2020ж.;
Шұғыл техникалық есепке алу орталығы бастығы, Түркістан локомотив пайдалану депосы, 2020 ж қазіргі уақытқа дейін.
– Қалай ойлайсыз, сіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға не ықпал етті? Тек білім алғандар ғана сауатты маман деп санала ма?
– Менің тұлға ретінде қалыптасуым, өзгерісім парето қағидасына ұқсамаса да дәл осы қағидадамен шамалас. Әлбетте, ешкім біліп тумайды, бастапқыда жаңа ақпараттың жоқтығынан қоғамда тұлға ретінде қалыптасу мен үшін бір қиял еді. Мен шаршадым, түсінгім келмейді, өзім не өзгерте алам деген сияқты ойлар үнемі мазалайтын. Алғашқы қадамым компанияның «100 жас есім» жобасының жеңімпазы атанғанымда болды. Қала әкімдігіне қарасты ішкі саясат және жастар ресурстық орталығының мамандары қаламызда 100 жас есім иегері жалғыз сізсіз және ол теміржолшы болады деп ойламаппыз деп таң қалысты. Ал мен сол үрейлі ойда жүрдім, дегенмен бірте-бірте кез келген адам өзінің қоршаған ортасына белгілі бір ұмтылыстың арқасында тұлға ретінде қалыптасуына болатынына көзім жетті.
– Өзіңіз туралы, өміріңіздегі маңызды (өзгеріс әкелген) оқиғалар туралы айтып берсеңіз.
– Жоғарыда айтып кеткендей компанияның 100 жас есім жобасына қатысып жеңімпаз атану өмірімді басқа бір арнаға бұрғандай болды. Үш жыл бойы түрлі білім және адам ойын дамыту дәрістері өз септігін тигізді. Өзгеріс әкелген оқиғаның бірі – компанияның ішкі тренерін оқыту курсынан басталды, 1 жылға созылған бұл додада дәріскер туралы ешбір баламасы жоқ ертегі жазу болды. Дәріскерді дана қария ретінде елестетіп, ұстаздың шәкіртке сіңірген еңбегін жазу мен үшін үлкен серпіліспен жаңа өзгеріс алып келді.
– Кәсіби мансапты бастағанда ата-ананың қолдауы маңызды ма?
– Кез келген жанұяда белгілі бір қадам жасауға отбасыңның қолдауы өте маңызды. Менің кәсіби мансаптағы жетістігім орасан зор болмаса да әкем мен анам және жұбайымның қолдап қолпаштап, бар білген түйгендерін үйретіп, жұмыстағы кәсіби жетістігімді мақтаныш тұтатыны мен үшін бір бақыт.
– Өміріңізде немесе әріптестеріңіздің арасында үлгі тұтқан адам болды ма? Неліктен ол адам?
– Әріптестерім арасында депомызда локомотивтердің жөндеуін бақылау бөлімі бастығы болған қазіргі таңда құрметті зейнеткер Сыздықов Нұрлан Жұматайұлы. Сол 2012 жылы «әй, балам пойыз айдап машықтандың, енді инженерлік қаблетіңді дамытуың керек» деп мені сүйрелей бастады. Кез келген жұмыс жүріп жатқан мекемелерде кедергілер мен қиыншылықтар болатыны рас бірақ, Нұрлан ағам өзінің кәсіби шеберлігі, сабырлықпен аса байыппен шешетіндігі мені қызықтырды. Бұл кісінің депомыздағы салып кеткен кәсіби жолымен әлі күнге дейін ізбасарлары еңбек етуде.
– Көп әрі өнімді еңбек еткен адам қалай демалады? Қандай хоббиіңіз бар немен әуестенесіз?
– Әр еңбек еткеннен кейін демалыс маңызды. Отбасылы адам болғаннан кейін отбасыммен бірге демалуды хоббиға айналдырдық. Киелі жердің тумасы болғандықтан ұл-қызымды жұбайыммен бірге оңтүстіктің түртсең тарихы сөйлейтін қасиетті орындарын аралап рухани азық алып қайтатынымыз бар.
– Отбасыңыз сіздің жұмысыңызға қалай қарайды?
– Отбасымның менің еңбек жолыма көз қарасы ерекше. Өзім теміржолшы әулетінен шыққандықтан дастархан басындағы әңгіме теміржолға қатысы болмай өтпейді. Темір жолдағы темірдей тәртіпті ұлдарыма үнемі сабақ ретінде көрсету болашақтарына өз септігін тигізсе одан асқан бақыт жоқ шығар.
– Қандай жеке қасиеттеріңіз жұмыста табысқа жетуге көмектеседі (мансаптық өсуге ықпал етеді)?
– Жұмыстағы жетістікке, табысқа жетуіме қажырлы еңбек, үнемі ізденіс, жаңашылдыққа құмарлық әрине отбасыңмен әріптестерімнің қолдауы ықпал етті.
– Жақын болашақта қандай жоспарыңыз бар? Қандай құзіреттер мен шыңдарды бағындырғыңыз келеді?
– Жақын болашаққа жоспар көп, кедергілер де аз емес, дегенмен ешбір қиыншылыққа мойымай мақсатымды айқын жолмен алып шығатыныма сенімім мол. Қазіргі таңда осы жылдың желтоқсан айында өтетін Республикалық жастар форумында үнемді өндіріс (бережливое производство) тапсырмасы бойынша өз жобамды компания басшылығы алдында ұсыну жоспарлап отырмын.
– Университеттен кейін жұмысқа тұруға келген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Университетті бітіріп теміржолға жұмысқа орналасқан жас мамандарға жұмыс саласының күрделілігіне қарамастан қажырлы еңбек етіп, білімдерін үнемі шыңдап, еліміздің экономикасының күре тамыры саналатын теміржол саласына үлес қосып, өзгеріс жасау жастардың қолында дегім келеді.