Қазақстан Республикасы темір жол көлігі тарихының мұражайы
3D тур қарау

Галерея

Қазақстан Республикасы темір жол көлігі тарихының мұражайы «ҚТЖ» ҰК» АҚ әкімшілік ғимаратында орналасқан

Теміржол көлігі тарихының мұражайын ашу туралы шешім 2010 жылдың 19 мамырында қабылданған. Соған сәйкес жаңа мұражай 2010 жылдың 15 желтоқсанынан бастап жұмыс істей бастады.

Мұражай шойын жол саласының қалыптасу және даму кезеңдерінен сыр шертетін тақырыптық залдардан тұрады. Ең әуелі келушілер назарына Қазақстандағы темір жол құрылысының басталуы туралы материалдар ұсынылған.  Тарихи деректерге жүгінсек, алғашқы жолдар еліміздің солтүстік-батысында пайда болған екен. Мұндағы арнайы бөлімдер атақты Түрксіб құрылысы (1927-1931), бірінші бесжылдықтағы темір жол құрылыстары (1930-1940), 2-ші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы теміржолшылардың еңбегі мен ерлігі (1941-1645 ), тың жерлерді игеруге (1954-1960 жж.) теміржолшылардың қосқан үлесі туралы баяндайды.

Темір жолдарды электрлендіру және автоматтандыру үрдісіне арналған бөлім де бар. Негізінен тарихи мәліметтер қазақ темір жолының әр кезеңдегі тыныс-тіршілігіне сүйене отырып  жинақталған. Мәселен 1958 – 1977 жылдары ұзындығы мен тасымалдау мүмкіндігінің шексіздігіне байланысты қазақ темір жолына Ұлы атауы берілген. Ал, 1977- 1997 жылдар аралығында бұл сала Алматы, Тың және Батыс Қазақстан - үш дербес желі ретінде жұмыс істеді. Тәуелсіздік жылдарындағы саланың дамуы туралы бөлімде "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының құрылған сәтінен бастап қызметі көрсетілген, стендтерде жаңа темір жол желілерінің құрылысы,  машина жасау өндірісін қалыптастыруға қатысты материалдар орналастырылған. Сонымен қатар Қазақстанда шығарылған локомотивтер мен вагондардың үлгілері, жаңа «Нұрлы жол» вокзалы кешенінің макеттері, барлық жүзеге асырылған жобалардың заманауи сенсорлық картасы көрсетілген. Ұрпақтар сабақтастығы бөлімінде теміржол басшыларының (1958-1997), еңбек ардагерлерінің, сала майталмандарының фотосуреттері қойылған. Теміржолшылар әулетінің шежіресі жазылған стенд те орнатылған.

Мұражай қорында 800-ден астам сирек кездесетін жәдігерлер бар. Олардың ішінде бұрын стансаларда қолданылған ескі қоңырау, локомотивтердің макеттері, түрлі үлгідегі вагондар, рельстердің жинағы, құрал-саймандар, теміржолшылардың киімдері, құжаттары, марапаттары бар.