Алғашқы жартыжылдық қорытындыланды
Жаңалықтар
28.07.2017, 09:49
Кеше «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 2017 жылдың І-жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы және ІІ-жартыжылдыққа арналған міндеттеріне қатысты кеңейтілген жиналыс өтіп, оған Ұлттық компания басшысы жетекшілік етіп, вице-президенттер мен филиалдар, құрылымдық бөлімшелер, сондай-ақ, желілік жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Жиынды ашқан Компания басшысы жалпы ел экономикасында, көрші елдерде болып жатқан пәрменді жұмыстар нәтижесінде тасымал көлемінің өсіп жатқанын атай келе:
–Бұл бізді қуантады. Алайда, біз бүгінгі жиында ағымдағы жылдың алты айының жұмысын қорытындылап, қай жерде осал тұсымыз бар, қай жерге мән беріп, басымдық танытуымыз керек, соны анықтап, алдағы жартыжылдықтың мақсат-міндеттерін айқындауымыз керек, – деді.
Қанат Қалиұлының айтуынша, бүгінгі таңда негізгі даму тренді – бұл транзитті тасымалды дамыту болмақ. «Бұл біздің негізгі валюталық табысымыз. Біздің мақсатымыз, кіріс базасында транзитті тасымалдан түсетін табысты 35%-ға дейін жеткізу. Ол үшін дәстүрлі транзитпен қатар контейнерлік тасымалды дамыту керек. Бізде жылдамдыққа қатысты мәселе бар, сонымен қатар қызмет көрсету сапасы да күн тәртібіндегі басты мәселе болып қалмақ» деді Компания басшысы.
Транзитті-көлік әлеуетін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, логистикалық жобаларды дамыту, биылғы бастапқы алты айдың жұмыс қорытындысы мен келер айлардың жоспарымен жиналғандарды ҚТЖ-ның логистика жөніндегі вице-президенті Санжар Елубаев таныстырды. Ал «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның атқарған жұмысы мен алдағы міндеттерімен қоғам президенті Оралхан Кулаков бөлісті.
ҚТЖ-ның негізгі құрылымы тасымалдау қызметінің жетекшісі ұсынған мәліметке сүйенсек, бірінші жартыжылдықта негізгі пайдаланымдық көрсеткіштер жоспары түгел жүз пайыз және одан асыра орындалған. Айталық, Компанияның пайдаланымдағы жүк айналымы 98,7 млрд.т.км неттоны құрап, жоспардан 3%, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11% Жүк тасымалдау көлемі жоспарға сай, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7 млн. тоннаға немесе 13% өсіп, 128,5 млн. тоннаны құрап отыр.
Оның ішінде, республикаішілік қатынаста көмір, химикат, құрылыс жүктері, түсті кен тасымалының көлемі артуы есебінен 13% өсім байқалған. Ал экспорттық қатынаста химикат, қара металл, Ресей мен Еуроодақ бағытына көмір тасымалы, РФ-ға тыңайтқыш тасымалы есебінен 12% өсім; импорттық қатынаста темір кені, мұнай өнімдері, тыңайтқыш және құрылыс жүктері тасымалы артуы есебінен 23% өсім қамтамасыз етілген. Транзиттік қатынаста өсім 7% құрап, 6,8 млн. тоннаға жеткен, әйтсе де бұл жоспардан 12% төмен екенін ескерген жөн. Сонымен қатар, транзиттік қатынаста контейнер тасымалы артқаны, әсіресе Қытай – Еуропа – Қытай қатынасында екі есе артқаны байқалған.
Компания басшысының «Ел аймақтарындағы жол бөлімшелеріне АСУ ДКР жүйесінің енгізілуі қалай?» деген сұрағына, Оралхан Райханұлы бүгінде бұл жүйемен 19000 сыртқы және 12000 ішкі пайдаланушылар жұмыс істейтінін, қазір 44 станцияның 16-сы осы жүйеге қосылғанын, ал жыл соңына дейін қалған станциялар толық қосылатынын айтып сендірді.
«KTZ Express» АҚ-ның логистика жөніндегі вице-президенті Е.Қойшыбаев вагон паркіне қатысты жүргізіліп жатқан операциялар туралы баяндады.
Бұл тұрғыда Қанат Алпысбаев ашық вагондардың жетіспеушілігі бар екенін және ол өсе түсетінін, көптеген жекеменшіктегі тасымалдаушылар Ресей нарығына кетіп жатқанын, ал Ресей темір жолдары тарапынан ұсынылып отырған ашық вагондар бағасы Ұлттық компания бағасына сәйкес келмейтінін, десе де ҚТЖ шығынға жұмыс істемеу үшін осы бағытта жұмысын күшейтіп, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесе жұмыс жүргізетінін жеткізді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар барысымен вице-президент Бауыржан Орынбасаров таныстырса, магистральдық темір жол нысандарының күтімі мен вокзал шаруашылығын жетілдіру төңірегінде атқарылып жатқан шаралар туралы Магистральдық желі дирекциясының директоры Жарас Ізғұлов баяндап берді. Темір жол көлігін қайта құрылымдау жобасымен Компания президентінің кеңесшісі Еркен Жусанбаев хабардар етсе, «ҚТЖ» ҰК»АҚ-ның өндірістік-қаржылық қызметінің қорытындысы жайлы Қаржылық бақылау департаменті директоры В.Бабиченко баяндама жасады.
Күн тәртібінде қаралған тағы екі мәселенің бірі, қозғалыс қауіпсіздігіне қатысты болса, екіншісі еліміздің көліктік-логистикалық кешені үшін кадр дайындығын жетілдіруге арналды. Бұл мәселелерге қатысты Ұлттық компанияның бас инженері Батыр Қотырев пен «ҚазККА» АҚ президенті Бақытжан Қуанышев мағлұмат берді.
Кеңейтілген жиын барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев әр баяндамашы көтерген мәселеге қатысты тиісті кәсіпорын басшыларына нақты тапсырмалар беріп, екінші жартыжылдықта алға қойып отырған міндеттердің толықтай жүзеге асырылуы бақылауында болатынын мәлімдеді.
Сұлугүл БАКЕСОВА
Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Жолаушылар тасымалы
24.06.2026
ҚТЖ жазғы маусымда танымал туристік бағыттарға 20% жеңілдік ұсынады
Әлемде
24.06.2026
Stadler мен ARST әлемдегі алғашқы тар табанды коммерциялық сутегі пойызын таныстырды
Жаңалықтар
24.06.2026
Көлік полицейлері «Нұрлы жол» вокзалында мерекелік концерт ұйымдастырды
Әлеумет
24.06.2026
Семейлік теміржолшылардың балалары Бурабайға жол тартты
Жүк тасымалы
24.06.2026
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жетті
Жаңалықтар
24.06.2026
Мемлекет басшысының Бельгияға сапары аясында көлік саласында жаңа келісімдер жасалды
Жаңалықтар
24.06.2026
Ақтау порты 7 метрге дейін тереңдетіледі
Әлеумет
23.06.2026
Ұжымдық шарт игілігі: Теміржолшылар демалыс кезінде шипажайларға жеңілдікпен жолдама алады
Аймақтар
23.06.2026
Сыр өңірінде жүк тасымалы жаңа деңгейге көтерілді
ҚТЖ келбеті
23.06.2026
Семейлік инженер халықаралық тәжірибе жинақтады
Станция тынысы
23.06.2026
Махаббат станциясы
Спорт
23.06.2026
Қызылордалық теміржолшылар ракетка шеберлерін анықтады
Спорт
23.06.2026
Жамбылдық теміржолшылар бильярдтан Кәсіподақ кубогін сарапқа салды
Жаңалықтар / Мұрағат
23.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №48 23 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
22.06.2026
Қазақстанның көлік саласына инвестициялар
Жаңалықтар
22.06.2026
Брюссельде Еуропа мен Азия арасындағы негізгі маршруттың болашағы талқылануда
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚМГ мен ҚТЖ мұнай өнімдерінің логистикасына цифрлық бақылау енгізді
Инфрақұрылым
22.06.2026
Талдықорған теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚТЖ халықаралық көлік дәліздері үшін LTE-R бірыңғай цифрлық желісін құрады
Қауіпсіздік
22.06.2026
Теміржолшылар төтенше жағдайға қаншалықты дайын?