Жанар Асанова қазіргі таңда Түркістан станциясы технологиялық орталығында тасымалдау құжаттарын өңдеуші оператор болып жұмыс істейді.

 Осы орталықта 26 жыл еңбек еткен Жанар Файзуллақызының жұмысы станцияға келетін-кететін жүк вагондарымен байланысты. Алдымен жүкті қабылдап алып, вагондардың ішіндегі жүктердің құжаттамаға сәйкестігін әскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлерімен бірге тексереді.

– Менің жұмысым жүк вагондарына қатысты болғандықтан көбіне сыртта жүремін, вагондар құжаттарын тексеріп, кеңсеге жеткізіп беремін. Күніне жұп жолға кемінде он пойыз, тақ жолға сегіз пойыз келеді. Осы жүк вагондарының бәрінің құжаттарын өңдеп, кеңсеге жеткізу көп уақытты алады. Вагондар мен контейнерлерде құнды тауар-материалдар бар, олардың пломбылары бұзылуы, ұрлануы мүмкін. Машинистер құжат тастайтын жәшік бар, оған барып құжаттарды алып, апарып беретіндерін машиниске табыс етем. Жалақымыз аз, осындай көлемді жұмысымызға сәйкес емес. Күн сайын кеңсе мен станция жолдары, перрон арасына он-он бес рет қатынап-ақ шаршайтын кездерім болады. Бірақ, өз жұмысымды жақсы көргендіктен қиындығын ұмытып кетемін. Кеңседе отыратын жұмысқа ауысуға ұсыныс болса да осы жұмыста қалдым, – деді Жанар Асанова.

Технологиялық орталықта Жанар Файзуллақызынан бөлек 3 адам ауысыммен кезектесіп жұмыс істейді. Айтпақшы, Жанардың әкесі Файзулла осы Түркістан станциясында көп жылдар басшы болған теміржолшы екен, сондықтан оны мұнда бәрі таниды, құрметтейді. 2019 жылы 8 наурыз мерекесінде Жанар Асанова Нұр-Сұлтан қаласына барып, сол кездегі компания төрағасы қолынан мақтау грамотасын алған. Компанияның құндылықтарын адал ұстанып, өзіне жүктелген міндетті тыңғылықты атқарып келе жатқан теміржолшы мұндай құрметке әбден лайық екені даусыз.

Жуырда Түркістан облысының әкімшілік орталық жақтағы жаңа тұрғын үй кешендерінен көпбалалы ана ретінде үш бөлмелі пәтер алды. Алты балалы ана үшін бұл үлкен қуаныш болды.

«Еңбегім жеміссіз емес, шүкір, баспаналы болып жатырмыз. Теміржол саласына келетін жандарға еңбекқорлықпен қатар темірдей төзім болған кезде ғана жемісін көретінін айтқым келеді», – деді кейіпкеріміз.