Тараз станциясының Желілік полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы – «Көліктегі қауіпсіздік» акциясы өтуде.

  Осыған байланысты желілік полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында темір жол обьектілерінде тиісті құқықтық тәртіпті сақтау, теміржол көлігі нысандарындағы азаматтардың қауіпсіздігін жеткілікті түрде қамтамасыз ету, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау және болдырмау шаралары қолға алынды. Қауіпті аймақта жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында теміржолға жақын орналасқан елдімекен тұрғындарына шойынжолдан өту қағидаларын сақтау және жақын маңда мал жаю бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған іс-шара аясында Тараз станциясы теміржол вокзалының перронында және жолаушылар пойыздарында жолаушылармен кездесулер ұйымдастырылды. Онда «Құқықтық тәртіп», «Көліктегі қауіпсіздік» тақырыптарына дәрістер оқылып, сала мамандары нақты ережелер мен қағидаларды әңгімеледі.

«Құқықтық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Жедел профилактикалық іс-шараның мақсаты да көлік обьектілерінде қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Теміржолға жақын орналасқан білім ошақтарының оқушыларымен кездесу өткізіліп, оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 559-бабының 5-бөлігі, 442 және 560-баптарында көрсетілген құқық бұзушылықтар туралы мағлұмат бердік, тұрғындарға оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны және ескерту мен айыппұл түрінде шаралар қолданылатыны ескертілді», – деді бөлімшенің аға инспекторы полиция майоры Лаура Көпбаева.