Арыс вагон пайдалану депосы – Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі бойынша аймақтағы вагон шаруашылығының бары мен жоғын түгендейтін бірден бір мекеме.
Құрамында алты техникалық қызмет көрсету, он екі бақылау бекеті мен алты ағымдық ағытып жөндеу пункті бар. Жалпы кепілдік иіні 2578 шақырымды құрайды. Өткен жылдың он екі айлық көрсеткіші бойынша Арыс вагон пайдалану депосы 76145 пойызды қабылдап-өткізген. Ағымдық ағытып жөндеу пункттерінен 5140 вагон жөнделіп шықты.
Соңғы жылдары депоның вагон қараушылары ақаулы вагондарды анықтап, апаттың алдын алуға зор үлес қосып келеді. Еске сала кетсек, қазіргі кезде өткен жылдың 1 қарашасынан басталып, осы жылдың 1 наурызына дейін жалғасатын «Бүйір рамаларын бақылау» айлығы өтіп жатыр. Осы айлық барысында ерекше көзге түскен вагоншылар аз емес.
– Тәжірибелі вагон қараушыларымыздың қырағылығы талай апаттың алдын алуда. Айталық, 32 жылдық еңбек өтілі бар Бақтияр Мамарасулов биылғы 10 ақпанда 95037834 нөмірлі вагонның бүйірлік рамасынан ұзындығы 31мм-лік жарықшақ тапты.1994 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті маман Бауыржан Алтынбаев 14 қаңтарда №28067635 вагоннан бүйірлік раманың ұзындығы 70 мм жарықшасын анықтады. Ал Шәкен Айдос небары үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жас маман болса да өткен жылдың желтоқсан айында бүйірлік рамадан ақау тауып, ағытып жөндеу пунктіне жөнелтті. Сегіз жыл еңбек өтілі бар Нұржан Қонысов та 10 ақпан күні 50674969 нөмірлі вагоннан 16 мм-лік бүйірлік раманың ойығын байқап қалып, қауіптің алдын алды. Айлық аясында Мақсат Сатыбалдиев пен Әкім Анарбеков те бүйір рамасындағы ақауды анықтады, – дейді Арыс вагон пайдалану депосының бас инженері Ғалым Байзақов.