Қазақстан мен Ресей кәсіподақтары меморандумға қол қойды
Абай облысы бойынша меншікті тілші
Семей теміржолында ресейлік әріптестермен салалық кәсіподақ қызметін шекара маңындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандум аясында нығайту мәселелерін талқылаған жиын өтті.
Басқосудың басты мақсаты – «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ мен «Роспрофжел» ҚБ арасындағы 2026 жылға арналған практикалық іс-шаралардың Жол картасына сәйкес екіжақты кездесу өткізу. Жиынға «РЖД» ААҚ Батыс Сібір теміржолы кәсіподағының, «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Павлодар филиалының, Семей өкілдігінің және Өскемен өкілдігінің өкілдері қатысты.
Николай Лукашов бастаған ресейлік делегация өкілдері «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұловпен және жергілікті кәсіподақ белсенділерімен кездесу өткізіп, ынтымақтастық меморандумы аясындағы жұмыстарды талқылады. Бірқатар мәселелерді ортақ сарапқа салды. Қос елдің кәсіподақ қызметкерлері жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы ынтымақтастықтың перспективалары жайлы да пікір алмасты.
Сонымен қатар қонақтар Абай облысы Кәсіподақтар орталығында да болды.
Орталық төрағасы Қуаныш Сүлейменов өткізген кездесуде тараптар Қазақстан мен Ресейдегі кәсіподақ ұйымдарының құрылымы мен қызметін талқылап, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, өзара әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақ қозғалысын бірлесіп нығайту бойынша тәжірибе алмасып, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.