Жамбыл локомотив пайдалану депосының машинист-нұсқаушысы Нұрдос Дәуренбеков Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде болашақ теміржолшыларға арнайы дәріс сабағын өткізді.
Теміржол саласына мамандар даярлайтын колледж басшылығы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Жамбыл аймақтық филиалдарына қарасты мекемелермен әлеуметтік серіктестік аясында меморандум жасасқан. Осы ортақ келісім аясында дуальды білім беру жүйесі бойынша студенттердің практикалық дағдыларын дамыту іс-шаралар жоспары бекітілген.
«KZ8A электровозы» тақырыбындағы дәріс студенттердің теориялық білімдерін өндірістік тәжірибемен ұштастыру, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Өндіріс маманы Нұрдос Бекдосұлы сабақ барысында өз тәжірибесімен бөлісті. Электровоздың техникалық ерекшеліктері, негізгі құрылымы, жұмыс істеу принциптері мен пайдалану тәртібі туралы жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар электровозды басқару кезіндегі қауіпсіздік талаптарына тоқталып, локомотив бригадасының жауапкершілігі және өндірістік жағдайда кездесетін түрлі жағдайлар туралы әңгімеледі. Тәжірибелі маман болашақ теміржолшыларға кәсіби білімді терең меңгерудің, техникалық сауаттылықтың, еңбек тәртібі мен жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Кері байланыс форматында өткен тәжірибелік сабақта болашақ теміржолшылар сұрақтарын қойып, өндірістегі нақты жұмыс үдерісі туралы пайдалы ақпарат алды.
– Теориялық дәрісті практикалық сабақпен ұштастырудың маңызы зор. Себебі өндіріс маманы мұндай жағдайлармен күнделікті тәжірибеде кездеседі. Сондықтан студенттердің таңдаған мамандығына деген қызығушылығын арттырып, теориялық білімдерін тәжірибемен байланыстыруға және болашақ кәсіби қызметіне қажетті дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Колледж бен өндіріс арасындағы тығыз байланыс – бәсекеге қабілетті, білікті маман даярлаудың маңызды кепілі, – дейді колледж директорының оқу-өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Жеңіс Тайбеков.