Келісіп пішкен тон келте болмайды

Аймақтар
27.06.2019, 09:06
Жасулан Сейлханов

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің ұйымдастыруымен Шымкент, Жамбыл, Қарағанды және Алматы жол бөлімшелерінің өкілдері қатысқан кеңейтілген түйіспелік семинар-кеңес өтті. Шараға «Қазақстан темір жолы – ЖТ» АҚ тарапынан да арнайы өкілдер қатысты.

Кеңес отырысына төрағалық еткен Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков кездесудің мәнмаңызына тоқталды. Семинар кеңестің күн тәртібіне арқау болған тақырып – бөлімшелер арасындағы пайдалану жұмыстарында жұмыла әрекет ету және проблемалық мәселелерді бірлесе шешу. Бір-бірімен түйісетін бөлімшелердегі пайдалану, жүк тасымалы, пойыздар қозғалысы кезінде орын алып жататын келеңсіздіктер, күрделі мәселелер сөз болып, пойыздардың кідіріссіз жүріп-тұруында тасымал процесіне қатысатын әр теміржолшының рөлі жайлы қозғалды. Сондай-ақ, Ү.Рысбеков Жамбыл бөлімшесінің техникалық сипаттамасымен таныстырып өтіп, Қырғызстан темір жолымен ардағы қатынас жөнінде баяндап өтті.

– Жыл басында Меркі станциясында Қырғызстан темір жолы делегациясымен Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі басшылығының кездесуі өтіп, онда бірқатар мәселелер талқыға салынып, ортақ мәмілеге қол жеткізілді. Нәтижесінде бүгінде қырғыз елі мен біздің бөлімше арасында шешілмей қалған түйінді мәселе жоқ, – деді ол.

Келесі кезекте «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ пойыздар қозғалысын басқару департаментінің басшысы А.Рахметжанов сөз сөйлеп, бөлімшелердің бес ай ішінде атқарған жұмыстарының пайдалану көрсеткіштеріне тоқталды. Сондай-ақ, контейнерлік пойыздар төңірегіндегі өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

– «Қазақстан темір жолы» табысының негізгі бөлігі осы жүк тасымалынан түсетінін жақсы білесіздер. Сондықтан, компанияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін контейнерлік пойыздардың жылдамдығын арттыруға барынша күш салуымыз керек. Бүгінгі таңда Семей, Қызылорда, Шымкент жүк тасымалы бөлімшелерін қоспағанда қалған барлық бөлімшелерде контейнерлік пойыздардың пайдалану көрсеткіші орындалып отыр. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты одан әрі жандандырып, бөлімшелер арасындағы өзара байланысты арттыру арқылы кедергілерді дер кезінде жойып отыру үшін осындай кеңестерді жиі өткізіп, ортақ мәселелерді талқылап, шешімін табуға тырысуымыз керек, ал келісіп пішкен тон келте болмайтыны анық, – деді департамент басшысы.

Ал аталған департаменттің 2-деңгейлі бас менеджері Ч.Мергалым бөлімшеішілік түйістердегі пойыздар алмасуының тәуліктік ауысымы айырмашылықтары бойынша түйінді мәселелерге тоқталып өтіп, биылғы өткен 5 айда ішкі және сыртқы түйісте бекеттерде тәуліктік ауысым жоспарын жасау кезінде жіберілген кемшіліктерді тізіп шықты. Сөйте келе, жүк пойыздарын ішкі-сыртқы түйіспе бекеттерден өткізудің тәуліктік ауысым жоспары сапасыз жасалатындығын және жергілікті жүктерді уақытылы тиеп, өткізу жұмыстарын да барынша жандандыру қажеттігін атап өтті. Ал «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ пойыздар қозғалысын басқару департаменті тобының 2-деңгейлі менеджері О.Асылбеков биылғы бес айдағы пойыздардың жүріс қауіпсіздігіне қатысты түйінді мәселелерді тілге тиек етті. Айталық, пойыздар қауіпсіздігіне қатысты осы есепті кезеңде 46 оқиға тіркелген, ал былтыр бұл көрсеткіш 36 ғана болған екен. Ал адам басу оқиғаларына темір жолдың еш кінәсі болмаса да, сақтық шаралары күшейтіліп жатса да, 19 оқиға тіркеліпті. Былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда (2018 жылдың бес айында – 21 оқиға) 2 оқиғаға азайған, әрине. Бірақ, осы он тоғыз оқиғаның ішінде адам өлімімен аяқталғандары аз емес. Сондықтан кеңесте қауіпсіздік мәселесінің қайта-қайта көтерілуі бекер емес. О.Асылбеков жиында жыл басынан бүгінге дейін сақтықты ескерткен, темір жол аумағында жүрудің қауіптілігін жұрт жадына салған сансыз рейд өтіп, баспасөз беттерінде 29 мақала жарық көріп, ал бірінші басшылар телеарналар арқылы халыққа құлағдар еткенін айтып өтті. Одан бөлек, PR департаментімен бірлесіп 3 видеоролик әзірленіп, олар темір жол мекемелері аумағында көрсетіліп, әлеуметтік желілерде де кеңінен таратылыпты.

Сөз соңында департамент менеджері барлық станция басшыларына тағы құлаққағыс жасап, «Станция басшысы күні» жиындарында әскерилендірілген темір жол күзеті қызметкерлерімен қауіпсіздікті күшейту шараларын пысықтап, станциялар аумағы мен темір жолдың бойында бөгде адамдардың бей-берекет жүруін тыюға барынша басымдық беруді тапсырды.

Бұл семинар-кеңесте локомотив бригадаларының тынығуына жағдай жасау мәселелері де сөз болды. Мәселен, Ү.Рысбеков Тараз станциясындағы локомотив бригадаларының демалыс үйінде төсек орындардың жетіспеушілігінен машинистердің тынығу орны стандарттар мен нормаларға сай келмей тұрғанын жеткізіп, транзит паркінде үш қабатты ғимарат барын, егер қаржы қарастырылса, сол ғимаратты жабдықтап, демалыс орны етіп жасақтауға болатынын ескертіп, ой салды.

Кеңесте өңірлік бөлімшелер басшылығының өкілдері де сөз алып, әңгіме өзегіне айналған мәселелерге үн қатты. Ортақ шешім қабылдап, түйінін тарқатуға қатысты өз ойларын жеткізіп, ұсыныстарымен бөлісті.

Кеңес қорытындысында жиынға келген барлық бөлімше басшыларына пайдалану көрсеткіштерін, локомотив пен локомотив парктерін пайдалануды жақсарту, пойыздар қозғалысы мен тәуліктік ауысымдар жоспарының сапасын арттыру, жалпы жүк тасымалында кезігетін кедергілерді болдырмау жұмыстарын тыңғылықты атқару тапсырылды.Одан бөлек, бөлімше мен құрылым басшыларына да жекелеген міндеттер жүктелді.

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков жиналғандар атынан осындай шараның өтуіне тікелей бастамашы болған Жүк тасымалы басшылығына алғысын айтты.

Жолаушылар тасымалы
10.07.2026
Ұлттық тасымалдаушы Алматы бағытында миллионға жуық жолаушы тасымалдады
Аймақтар
10.07.2026
Теміртау вокзалында жолаушылар платформасын жаңғырту жұмыстары аяқталды
Аймақтар
10.07.2026
Құсмұрын станциясында "Қауіпсіз өткел" акциясы өтті
Жүк тасымалы
10.07.2026
Вагон өндірісінен экспортқа дейін: «Қазтеміртранс» жоспары
Сұхбат
10.07.2026
Жүк тасымалы – экономиканың сенімді даму бағыты
ҚТЖ келбеті
10.07.2026
Сайөтесте вагон қараушы апатқа жол бермеді
Жаңалықтар
10.07.2026
ҚТЖ-да жас мамандарға арналған тәлімгерлік жүйе қайта жандануда
Қауіпсіздік
10.07.2026
Өткелден өтудің өз ережесі бар
Жаңалықтар
10.07.2026
Қазақстанның транзиттік әлеуеті халықаралық деректі фильмде көрсетілді
Қауіпсіздік
10.07.2026
Қауіпті аймақта қатер көп...
Жаңалықтар / Мұрағат
10.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №52 10 шілде 2026 жыл
Жаңалықтар
09.07.2026
ҚТЖ теміржол бағыттамаларын жоспарлы түрде жаңартып жатыр
Әлемде
09.07.2026
Ұлыбританияда алғашқы экологиялық таза вокзал ашылды
Жүк тасымалы
09.07.2026
Қысқа дайындық: ҚТЖ көмір тасымалдайтын вагондарды жаппай әзірлеуде
Жаңалықтар
09.07.2026
Елімізде астық экспорты 13%-ға артты
Аймақтар
09.07.2026
«Сарыағаш» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары тамыз айында аяқталады
Жаңалықтар
09.07.2026
ҚТЖ паркі маусым айында 50 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
09.07.2026
Алматы-1 теміржол вокзалын қайта құруға 500-ден астам жұмысшы тартылды
Әлемде
08.07.2026
Армения Түркия және Әзербайжан шекараларына апаратын теміржол желілерін қалпына келтіре бастады
Жаңалықтар
08.07.2026
Тәртіп сақшылары балаларды теміржол бойында абай болуға шақырды