«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-де локомотив шаруашылығын қысқы кезеңде жұмысқа кешенді дайындау аяқталды. Бекітілген жоспардың барлық 15 іс-шарасы толық көлемде орындалды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Қыс мезгіліне дайындық аясында Серіктестіктің барлық филиалдарында күзгі комиссиялық тексерулер өткізілді. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін, локомотивтердің техникалық жай-күйін, өндірістік объектілердің дайындығын қамтамасыз етуге, еңбекті қорғау талаптарын сақтауға және жұмыскерлерді қысқы арнайы киіммен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Дайындықтың негізгі бағыты локомотив паркін қысқы пайдалану режиміне көшіру болды. Белгіленген мерзімде 1 661 локомотив дайындалды. Байланыс сымының мұздануымен күресу үшін 19 вибропантограф тексеріліп, жарамды күйге келтірілді. Тағы 13 локомотив қар тазалау техникасымен өзара әрекеттесуге дайындалды.

Өндірістік инфрақұрылым объектілерінің дайындығы толық қамтамасыз етілген. Жылыту маусымына 199 жылыту қазандығы мен онымен байланысты жабдықтар, 608 ғимарат пен құрылыстар дайындалды. Ағымдағы жөндеу 22 нысанда жүргізілді. Сондай-ақ, құм кептіру шаруашылығының 30 бірлігі ретке келтірілді. 

Кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті отын мен энергия қорлары қалыптастырылды. Газға, электр энергиясына және мазутқа деген қажеттілік қамтамасыз етілген.

Қызметкерлерді даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Қысқы жағдайда жұмыс істеуге 1 462 қызметкер оқытылды, олар алғаш рет қыс мезгілінде жұмыс істейді. Оларға тәжірибелі тәлімгерлер бекітілген. Барлық 30 локомотив пайдалану депосында локомотив бригадаларымен техникалық сабақтар, сондай-ақ вагон шаруашылығы қызметкерлерімен қысқы жағдайларда автотежегіш жабдықтарын  пайдалану мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар өткізілді. Жұмысшылардың қысқы арнайы киім мен аяқ киімге деген қажеттілігі 100% қамтамасыз етілген.   

Өткізілген іс-шаралар кешені локомотив шаруашылығының тұрақты жұмысын, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін және төмен температура жағдайында үздіксіз тасымалдау процесін қамтамасыз етуге бағытталған.