Бір отбасында ерлі-зайыптының екеуі қатар жетістікке жететіндер көп емес. Маңғыстауға белгілі ерлі-зайыпты Құрметті теміржолшылар Маралбек пен Рая Нұрмағанбетовтар отбасын осы санаулы санатқа жатқызуға әбден болады.
Өмірде де, еңбекте де жұбы жазылмай, татулық пен бірліктің нәтижесінде талай асуды бірге бағындырған ерлі-зайыптылар тандемінің басты сыры отанасында болса керек. Қырық бір жыл бір салада еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көретін шаққа жеткен Рая Халикова санаулы күннен кейін сүйікті жұмыс орны мен туысындай болып кеткен әріптестерімен қимай қоштасқалы отыр. Осы айдың басында зейнет жасына шыққан оны өзі жұмыс істейтін Маңғыстау станциясының басшылығы мен Маңғыстау дөңесінен түлеп ұшқан шәкірттері тайлы тұяғы қалмай келіп құттықтады. Маңғыстау темір жолына қосқан үлесі мен жас буынға жұмыс үйретудегі еңбегін ерекше атап, басшылық көп жылғы еңбегі үшін алғыс айтты.
Рая ханым талай жыл бір жерде тапжылмай еңбек етіп, өз кәсібінің хас шебері атанумен қатар, бірнеше буын теміржолшының қанатын қатайтқан ұстаз. Әйелдік болмысынан да айнымай, азаматының мерейін асырып, бірге жетістікке жетті. Көпке үлгі теміржолшылар шаңырағында сүйікті жар, сүйікті ана, сүйікті ене, сүйікті әже атанды. Жан жарын жан-жақты қолдап, еңбектен де, өмірден де бақытын қосағымен бірге тапты. Отбасында отағасының табысты теміржолшы, ұлының жас болса да өзіндік жетістіктері бар азамат, теміржолшы болып қалыптасуына септік ете білді. 2018 жылы Құрметті теміржолшы атанды.
− Теміржол саласы біздің отбасыға көп нәрсе үйретті де, берді де. Өмірлік серігімді осында жолықтырып, қатар жүріп еңбек еттік. Үй-жай болып, балаларымызды жеткіздік. Екі қызымыз бен ұлымыз Атырауда жұмыс істеген жылдары дүниеге келді. Біз күн-түн демей жұмыста жүрген кездерде ата-енемнің арқасында қиналмадық. Балаларымыз бағулы, қазанымыз қайнаулы болды, – деп еске алады Рая ханым.
Кейін жас жұбайлар Исатай ауылынан Атырауға көшеді. Ол жерде Р. Халикова дөңес кезекшісі болып жұмысқа кіріседі. 1985 жылы Гурьев темір жолының №17 бекетінде бастаған сол жұмысты бүгінге дейін абыроймен атқарды. 2007 жылы Маңғыстау жол бөлімшесі ашылғанда жолдасы екеуі шақыртумен қоныс аударып, содан бері Маңғыстау станциясында дөңес кезекшісі.
Рая ханым кезінде екеу болып бастап уақыт өте келе түбек темір жолында төртеу болып еңбек еткендерін айтады. Ұлдары Самат 2014 жылы Маңғыстау локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Бүгінде екінші класты машинист, нұсқаушы-машинист міндетін атқаруда. Жары Алтынгүл жүк тасымалы бөлімшесінде жетекші инженер.
– Мұнда келіп жолдасым Маралбек Нүрмағанбетов бөлімшенің пойыз диспетчері – бөлімше кезекшісі жұмысына кірісті, станция бастығы болды. 2018 жылдан зейнетке шыққанға дейін Маңғыстау қалпына келтіру пойызын басқарды. Өзім дөңес кезекшісі жұмысын жалғастырдым. Осылай өмір өте берді. Қырық жылдан астам дөңесте жұмыс істеппін. Зейнет жасына да жеттік. Әріптестеріме біздің жолымызды берсін, абыроймен еңбек етіп, құрметті демалысқа шығу бұйырсын деймін,– деді қоштасарда Құрметті теміржолшы Рая Халикова.