Үндістан мен Непал 23 қарашада екі елді байланыстыратын «Сарю-Камала Экспресс» жолаушылар пойызын салтанатты түрде іске қосты, деп хабарлайды Rail-news.kz. 

Жаңа бағыт Үндістанның Айодхья қаласы мен Непалдың Джанакпур-Дхамын байланыстырып, жалпы ұзындығы 604 шақырымды құрайды.

Пойыз 15595/15596 нөмірлерімен аптасына бір рет қатынайды. Джанакпур-Дхамнан сенбі күні, ал Айодхья-Кантт станциясынан дүйсенбі күні жөнеледі. Коммерциялық тасымалды 28 қарашадан бастау жоспарланған.

Бағыт Үндістанның Уттар-Прадеш және Бихар штаттары арқылы өтіп, Горакхпур, Наркатиагандж, Раксаул және Ситамархиді қамтиды. Кейін пойыз Джайнагар арқылы Непал аумағына өтеді. Жол жүру уақыты шамамен 19 сағат болады.

Алғашқы салтанатты құрам 17 LHB вагонынан жасақталды. Оның ішінде кондиционері бар сегіз вагон, кондиционерсіз жеті жатын вагон және екі техникалық вагон бар.

Қазір пойыз қызметін тек Үндістан мен Непал азаматтары пайдалана алады. Шекаралық рәсімдер Джайнагар станциясында жүргізіледі.

Екі ел арасындағы келіссөздер барысында Раксаул мен Катманду арасында электрлендірілген кең табанды теміржол салу жобасы бойынша далалық зерттеулердің аяқталғаны да расталды. Сонымен қатар тараптар Непалдағы «Шығыс – Батыс» теміржолын дамыту бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.