1998 жылы ашылған Арыс темір жол колледжі бүгінге дейін төрт мыңнан астам кәсіби теміржолшыларды дайындап шығарды. Арыстағы темір жол мекемелеріндегі мамандардың көпшілігі – осы колледждің түлектері. Аталған оқу орны бес мамандық бойынша болатжолшыларды тәрбиелеуді жалғастыруда.       2016-2017 оқу жылында колледжге 9 сыныпты бітірген 50, 11 сыныпты бітірген 15 студент қабылданыпты. Сыртқы бөлімге әзірге 30 студент құжат тапсырған. Бірақ қабылдау мерзімі қыркүйектің 20-на дейін жалғасады. Өткен 2015-2016 оқу жылында 15 студент күндізгі бөлімді, 82 түлек сыртқы бөлімді бітірген. Сыртқы бөлімдегі студенттердің елу пайызы жұмыспен қамтылған. Ал, күндізгі бөлімде оқығандардың әзірге 7-8-і теміржол саласына орналасыпты.  – Біздің студенттер Арыс станциясы мен осындағы локомотив пайдалану, вагон және вагон жөндеу деполарында оқу, технологиялық, диплом алды деп бөлінетін үш кезеңдік тәжірибеден өтеді. Ол үшін теміржол мекемелерінің басшыларымен келісімшарт жасалған. Екі жыл бұрын «ҚТЖ» ҰК» АҚ келісім нәтижесінде сұраныс арқылы Солтүстік өңірге біраз түлектерді жұмысқа орналастырған болатын. Қазіргі таңда компанияның өзі мамандарын қысқартуда. Арыстағы вагон жөндеу депосында 2  жылдың көлемінде 500-600 адамнан бүгінде 150 маман ғана қалған екен. Себебі, жаңа локомотивтер шыққан соң, бұрынғылары қолданыста аз қалған. Заманауи локомотивтер бес жылда бір рет жөндеуге тұрады. Соның өзінде олар Арыста жөнделе ме, ол жағы белгісіз. Осының бәрін темір жолда жұмыс істейтін ата-ана көріп отырған соң, балаларын темір жол саласына оқытуға қызығушылықтары төмендеді. Он сегіз жылдан бері теміржол колледжі атанып келдік, соңғы жылдары бұл салада оқуға түсетін студенттер саны азайғандықтан,  бастауыш және дайындық сыныптарына мұғалім даярлайтын мамандықты аштық. Жыл басынан бері осыған сай Арыс теміржол колледжі Арыс техникалық және гуманитарлық колледжі болып өзгертілді. Бірақ, негізгі студенттер теміржолшылар болып қала береді, – дейді колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Егембердіқызы.

Динар МЕЙІРМАН, Шымкент